Қазіргінің арулары бетім қисық деп айнаға өкпелемеудің небір айла-шарғысын ойлап тауып алған. Сабылып салон аралайтын үшінші мыңжылдықтың бойжеткендеріне санаулы сағатта хас сұлуға айналуға ешкім, тіпті табиғаттың өзі де кедергі келтіре алмайды. Шаш жалғанып, қас пен кірпік ұзарып, ерін мен тырнақ қызарып, түрсипаты аяқ астынан мінсіз болып шыға келеді. Ең бастысы, қалтаңда ақшаң болса болғаны. Тек жасанды сұлулықтың соңына түскен қыз-келіншектердің оның зардабы мен зияны туралы ойламайтыны алаңдатады. Ал шынтуайтына келсек, жасанды кірпік жапсыру көз жанарының кемуі мен аллергияға, перманентті қас татуажы түрлі тері аурулары мен жұқпалы дерттердің өршуіне, ал тырнаққа жағылатын гель бояудың құрамындағы токсиндердің әйелдің бала көтеру қабілетін тежеп, обыр ауруларын тудыратындығын бірі білсе, бірі білмейді.
Осыдан бірнеше жыл бұрын ботоксты қалтасы қалың сәнқой қыз-келіншектер ғана жасайды деп ойлайтынбыз. Оның өзінде Астана мен Алматы сияқты үлкен қалаларда ғана қолжетімді болатын. Қазір ботокс немесе лифтинг сияқты косметикалық процедуралар еліміздің барлық қаласында жасалады.
Мамандардың пікіріне құлақ түрсек, пластикалық ота жасатушылардың 70-80 пайызы – қыз-келіншектер. Дейтұрғанмен, бүгінде қарттықты мойындағысы келмейтіндер мен сұлулықты сүйетіндер қатарында ерлердің саны да көбейіп келеді екен. Соңғы уақытта елімізде ең көп сұранысқа ие пластикалық отаның бірі – блефаропластика. Яғни, көздің жоғары бөлігіне қатпар салу арқылы көздің пішінін өзгерту. Отаның бұл түрін «еуропалық қабақ синдромы» деп те атайды. Одан кейін төсті тарту мен көлемін өзгерту, сондай-ақ құлақ пен мұрынның пішінін өзгертуді қалайтындар саны да жыл санап артып келеді. Ең арзан пластикалық ота ерінге жасалатын болса, ең қымбат әрі сұранысқа ие ота беттің әжімін тарттыру екен.
«Қыздар сұлу көрінер мінезімен» десек те, қазақ қыздарына тән ұяңдық, нәзіктік, табиғилық және шынайылық сияқты қасиеттердің соңғы уақытта сәннен қалып бара жатқаны қынжылтады. Әлбетте, кез келген әйел заты ажарлы да сұлу көрінгісі келеді әрі дене сымбатының мінсіз болғанын қалайды. Алайда «сұлу сұлу емес, сүйген сұлу» демекші, сұлулықтың сыртқы келбеттен емес, мейірімді жүректен бастау алатынын ұмытпағанымыз жөн-ау…
Динара Жұмабекқызы,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер