15.05.2019, 12:06
Оқылды: 524

Өлеңтіден Ерсары батырдың немересінің құлпытасы табылды

Бұқа баласы Отарғали деген кім?

 

Сырым ауданы Өлеңті ауылынан 15-16 шақырым жерден көне құлпытас табылды. Бедеріндегі төте жазу құлпытас «Бұқа баласы Отарғалиға тиесілі» деп сөйлейді. Бұқа баласы Отарғали деген кім? Осы сұраққа өзімізше жауап іздеп көрдік.

«Бұл жерде батырдың атасы жатыр!»

 

Бұл құлпытасты бізге екі жыл бұрын Өлеңті ауылының ақсақалы, ұзақ жыл көлік жүргізушісі болып еңбек еткен Болат Уәлиев көрсетті. «Кімнің құлпытасы?» деген сауалымызға «Бұл жерде батырдың атасы жатыр!» -деп жауап беріп еді сол кезде. Ақсақалдың «Батырдың атасы» дегені тегін болмады.

IMG_9458

1964 жылдың жазы. Болат Уәлиевтің ХХІІ партсъезд атындағы совхоздың директоры Тұран Тәжібековтың көлігінің жүргізушісі болып қызмет етіп жүрген уақыты. Ауыл канторының алдында тұрған Болатқа ауылдасы Жауарбек Алагөзов келіп:

     Үйде ағай бар еді. Жымпитыға жеткізіп тасташы! -деп өтініш айтады. Болат бір сөзге келместен, ауылдасының үйіндегі қонақты Жымпиты ауылына апарып тастайды. Жол-жөнекей екеуара әңгіме болады.

     -Қособа жақтанмын. Руым – Түкіш. Алатаудың қасындағы Бекжанбұлақ деген жерде біздің рудың жайлауы болған. Сол жайлауға бара жатқан жолда бір атамыз дүние салыпты. Топырақ бұйырған жерден ғой. Бейіті Сауғабайдың тұсында тұр. Дұға оқып, зиярат етіп келе жатырмын. – дейді қонақ.

Біздің қонақ деп отырғанымыз, белгілі балуан Оралбек Қожагелдиннің атасы - Қожагелді деген кісі екен. Қожагелдінің немересі, белгілі балуан, «Сырым» күрес мектебінің негізін қалаушы Оралбек Қожагелдиннің есімі кейінірек мейірімділіктің елшісі, әділдіктің жоқтаушысы ретінде танылды. Оның толқып, тасыған қазақы қаны 90-шы жылдардың жағалауын тепті. Қазақтың намысын спортшы болып емес, қазақтың ұлы болып қорғаған қайраткерлігі Оралбекті халық алдында батырлықтың биігіне көтерді. Тіпті, 2016 жылы оралдық журналист Нұрлан Сәдірдің «Оралбек батыр» атты дерекнамалық кітабы жарық көрді. Болат Уәлиев те «Бұл жерде батырдың атасы жатыр!» деп, сол биіктен сөйлеп тұр екен. Батыры – өзіміздің Оралбек болып шықты.

Қызылжардағы «жалғыз басты» құлпытас

 

«Самара-Шымкент» тас жолымен Жымпиты-Ақтөбе бағытына қарай жүрсеңіз, 5 шақырым ұзағаннан кейін, «Мұқай» деген жазуға тап боласыз. Біз айтқан құлпытас тұрған жерге бару үшін, «Мұқайдың» тұсынан солға қарай бұрылып, топырақ табанды жолға түсуіңіз керек. Тағы бір бес шақырымдай жүргенде, сол жағыңыздан ағараңдаған қауым көрінеді. Бұл қауымның ішінде жергілікті жұрт әулиеге санайтын Шемеш ата жатыр. Осы жерден солға қарай бұрылып, далалық жолмен жүрсеңіз, ол жол сізді өткелден өткізіп, Өлеңті өзенінің арғы бетіне шығарады.

IMG_0248

Кешегі аптаның аяғында, мерекеге арналған демалысымыздың бір күнін пайдаланып, құлпытастың нақты тұрған жерін анықтамақ және дұрыстап суретке түсірмек болып, жолға шықтық. Өйткені, 2017 жылы бұл жұмыстар сәл асығыстау орындалған еді.

         Өзеннің арғы бетіне шығып, «Сауғабай» шаруа қожалығынан әрі астық. Біз іздеген «жалғыз басты» құлпытас осы арғы бетте, өзеннің жағасында болуы керек. Дұрыс келе жатқан секілдіміз. Сенімді болайық деп, жолай жолыққан малшыдан жол сұрадық. Түбі аңқатылық Бейбіт Қалденовтың біздің жаққа жұмысқа келгеніне көп болмаған екен. Бірақ, даланың жайын жаттап үлгеріпті. Жолымыздың дұрыс екенін, жағаға жақын жерде өрнегі бар ерекше құлпытастастың бар екенін айтты ол.

         Далалық жолдан шығып, өзенге қарай қырын жүре отырдық. Көп жүрген жоқпыз, іздеген құлпытасымызды таптық. Тастың тұрған жері – Өлеңті өзенінің жағасы, Қызылжар деген жер екен. Өзеннің арғы бетінде «Жібек жолы» шаруа қожалығының тұрақ жайы көрініп тұр. Екі ортадан өзеннің ағысы өтеді.

         Әуелі дұға оқып, кейін тастың төрт қырын суретке түсірдік. Ұзындығы екі метрден асатын құлпытас барынша өрнектелген. Тастың сәулет өнерінің бір жәдігері екені, шебердің жұмыс жасағаны - бәрі көрініп тұр. Құбыла бетінен қос тұтқа шығарылған. Шығыс бетінде дөңгелектің суреті ойылған. Тастың төбесінде тесік бар. Осындай тесік көне құлпытастардың бәрінен дерлік табылады. Бұрынғының адамдары қабірді зиярат еткенде, осы тесікке бір уыс бидай, тары салып кетеді екен. Оны құстар азық қылып, сауабы марқұмға барсын деп ниет қылған ата – бабамыз.

         Тастың үш қырында жазу бар екен. Құбыла қырындағы жазудың астыңғы жағына оңға еңкейген «Ғ» әрпіне ұқсайтын Байбақты руының таңбасы салыныпты. Тастың оңтүстік бүйірінен қайқы қылыштың, найзаның және қанжардың суретін анық байқадық.

         Осы жерде сұрақ көбейіп кетті? Болат Уәлиев «Бұл жерде батырдың атасы жатыр» дейді. Атамның бейіті деп Оралбектің атасы Қожагелді осы жерге келеді. Олар – Байбақты, Түкіштер. Құлпытаста Байбақтының белгісі тұр. Сонда бұл жерде Түкіштің адамы жатыр ма? Құлпытаста қайқы қылыштың, найза мен қанжардың суреті неге тұр? Бұл кісі батыр болған ба?

Құлпытасты төрт қырынан суретке түсіріп, ол суреттерді «Егемен Қазақстан» газетінің Батыс Қазақстандағы меншікті тілшісі, журналист, өлкетанушы, өңірдегі қыруар құлпытастың мәтінін қағазға түсірген маман Қазбек Құттымұратұлына оқылымға жібердік. Суреттерді қабылдаған Қазбек Құттымұратұлы жазулардың дұрыс көрінбеуі оқуға қиындық тудырып жатқанын айтты. Осы құлпытасты 2017 жылы да суретке түсірдім деп едім ғой. Компьютерді ақтарып, сол суреттерді тауып алып, тағы жолдадым. Ол суреттерде құлпытастың бедеріндегі араб қаріптері қадімгідей анық екен. Сонда екі жылдың ішінде тастың сапасы бұзылып үлгерген бе?

         Жұмыс күнінің жартысына жеткізбей Қазбек Құттымұратұлы құлпытастағы жазудың қазақшаға аударылған мәтінінін кері жолдады. Құлпытас Бұқа баласы Отарғалиға тиесілі екен.

IMG_0287

«Отарғали Бұқа баласы

Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Өлеңті ауылынан 15-16 шақырым жерден, «Жібек жолы» мал қыстағының тұсында орналасқан көне қорымдағы құлпытас. Суретті түсірген – Бауыржан Ширмединұлы.

«а» қыры:

  1. Байбақты руы
  2. Батақ тайпасы
  3. Шолан бөлімі
  4. Түкіш
  5. (ру таңбасы)

«b» қыры:

  1. Тобы
  2. Ерсары
  3. немересі Бұқа (?!)
  4. баласы Ота
  5. рғали
  6. офат 42
  7. де

«c» қыры: (тігінен жазылған)

  1. қалдырды баласы Ертілес (Айтілес)

 

«d» қыры:

(найза, қылыш, қанжардың суреті)

 

Оқыған: Қазбек Құттымұратұлы

 

Отарғали Ерсары батырдың немересі ме?

 

Құлпытастың мәтіні біздің алғашқы сұрақтарымыздың біреуіне жауап берді. Ерсары немересі, Бұқа баласы Отарғалидың руы – Байбақты, Түкіш екен. Енді басқа сұрақтар пайда болды? Сонда, Отарғали кәдімгі Ерсары батырдың немересі ме?

Орал мен Жымпитының арасында Тоғанас ауылынан сәл аса бере Ерсары деген ауыл бар. Мекен Теректі ауданы, Аңқаты ауылдық округіне кіреді. Ерсары деген кім? Журналист Нұртас Сафуллин «Орал өңірі» газетінің 2019 жылғы 3 мамырдағы санында жарық көрген «Ерсары батыр» атты мақаласында бұл туралы былай дейді:

-Атақты Сырым батырдың заманында халқының азаттығы үшін қолына қару алып, атқа қонған кескекті ерлердің бірі, тарихи тұлға Ерсары батыр Бекетайұлының есімін иеленген аталмыш ауылда 21 түтін бар.

Содан кейін:

         -Танымал журналист, араб қарпінде жазылған ескерткіштерді зерттеуші Қазбек Құттымұратұлы осыдан 2-3 жыл бұрын батырдың (Ерсарының авт.) құлпытасындағы ескіше жазуды оқыды. Онда «Байбақты Шолан тайпасы, Ерсары Бекетайұлы опат болды 1812 жылы 55 жасында. Мұны қойған баласы Мұқас мырза» деп жазылған екен...

         Ата-бабалардан жеткен шежіре деректері Ерсары Бекетайұлын асқан батыр әрі бай, атақты мерген, найзагер болған деп баяндайды,-  дейді Н.Сафуллин.

Демек, Отарғали – Ерсарының немересі. Ал Ерсары батыр – Байбақты, Шолан батырдың шөбересі, Түкіштің немересі. Бәрі келіп тұр. Оның үстіне, Оралбектің атасы Қожагелді Өлеңті ауылындағы Жауарбек Алагөзовтың үйіне тоқтады дедік қой. Қожагелді ол үйге неге тоқтады? Сөйтсек, өз ағайынының үйі екен. Жауарбек қарттың руы – Түкіш, Түкіштің Бекетайы болып шықты және Бекетай - Ерсары батырдың әкесінің есімі.

Жекпе – жек!

 

Құлпытаста Отарғалидың әкесі Бұқа екендігі жазылған. Бұқа деген кім? Біздіңше, Бұқа – әкесі Ерсарыға тас қойған Мұқастың ағайыны болуы керек. Ол кісі кім болған? Осы сұраққа жауап іздеп жүргенде, Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев Бұлдырты ауылы, Қарақұдық елді мекенінің жанында Бұқа деген жердің бар екендігін, жердің атауы туралы тарихи әңгімені ағасы Мүтәлі Төреғалиев жақсы білетіндігін айтты. Бұқа деген кім? Біз іле-шала белгілі атбегі, БҚО Ат спорты федерациясының Президенті, «Жымпиты» ЖШС директоры Мүтәлі Төреғалиевке хабарластық.

Қарақұдық – Мүтәлі Төреғалиевтің аталарының қонысы екен. Қарақұдықтан екі шақырым жерде Егінсай, оның арғы жағында Бұқа деген нүктенің бар екендігі және рас екен. Бұқа туралы әңгімені Мүтақаң атасы Нұрғалидың ауызынан естіген:

-Ертеректе Қарақұдықтың маңындағы жер үшін Таналар мен Ақберлі, Түкіштердің арасында дау болып, соңы екі рудың батырларының жекпе – жегіне ұласыпты. Тананың атынан шыққан Кіштік батыр мен Түкіштің Бұқасы бір-біріне найза алып шабады. Бірақ, екі батырда сақтық үшін белінен кеудесіне дейін киіз орап шыққан екен. Бірін-бірі аттан аудара алғанымен, киіздің қалыңдығынан найза денеге дари қоймайды. Жекпе-жектен кейін Кіштік пен Бұқа «Бір-бірімізге сай жігіт екенбіз! Жолдастыққа жарайық!» деп тамыр болуға серттесіпті. Кейін Кіштік Бұқаны Қарақұдықтың жанындағы жайлауға көшіріп алады. Бірер жылдан кейін Бұқаның найзадан алған жарақаты қайта сыр беріп, ақыры қайтыс болады. Кейін сол жер, сол айналадағы бөгет, сай Бұқаның атымен аталып қалыпты. Бұл орындарда әртүрлі жылдары Зейнолла Қыстаубаев, Құбай, Ғайдар Салахаддинов секілді шопандар қой бақты, – дейді Мүтәлі Төреғалиев.

Осылайша, Бұқа баласы Отарғали туралы деректерді сұрастыра жүріп, Ерсарының ұлы Бұқа туралы да жаңа мағлұматтар белгілі. Бір рудың атынан найза көтерген, өзіндей бір батырдың құрметіне ие болған, жердің атын алған Ерсарыұлы Бұқа да тегін адам болмады. Бұқаның зиратын қай маңнан іздеуге болатынында шамалап тұрғандаймыз. Енді бізде екі сұрақ қалып тұр. Бұқа баласы Отарғали кім болған? Оның құлпытасында неге қарулардың суреті тұр?

 

Сөз соңы

 

Осы жұмада Сырым ауданының орталығы Жымпитыда «Дәстүрлі қазақ қоғамындағы батырлар институты және Ерсары Бекетайұлы» атты конференция өтеді. Тарихшы ғалымдар, зерттеушілер, өлкетанушылар қатысатын жиында Ерсары батырға қатысты жаңа деректер айтылатынына сенімдіміз. Біз, аудандық газеттің редакциясы, батырдың ұрпақтары туралы деректерге салмақ болсын деген ниетпен, осы материалды жаздық.

Конференцияда жаңағы сауалдарымызға жауап табылады деген де үміт бар.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы,

zhaikpress.kz

IMG_9448 IMG_9450 IMG_9452

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале