Өткен жолғы «Тіл тұғыр» қосымшасында облыстық тілдерді дамыту басқармасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырған облыстық «Алтын қалам» байқауында эссе бағыты бойынша бас жүлдеге ие болған оқушының жұмысы жарияланған еді. Енді аталмыш байқауда шығарма бағыты бойынша бас жүлдені иеленген дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінің 8-сынып оқушысы Ақгүлім Ерболованың жұмысын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Толқындарын жағаға әкеліп соққан Ақ Жайық... Омырауын еміп өскен сыралғы жұрт үшін орны бөлек өзен. Ең асқақ теңеулер де, ең жақсы мақтаулар да осы өзен үшін рауа айтылған. Ақ Жайық сайын даладағы сағымға сіңіп, қарауыл қараған замандардан-ақ өзенін өзегіне жақын санаған жұрт үшін қоныс бола білді. Сондықтан болар, Ақ Жайықтың халық жүрегінде алар орны ерекше. Кейбір шайырлар Жайықты аузынан ана сүті кеппеген сәбиге, кейбірі бойынан балаусалығын жоғалтпаған бойжеткенге, енді бірі көргені мен түйгені мол дана қарияға теңейді. Бірақ, бұның барлығы да бекершілік...
Себебі, ол – ерке құлындай ойнақтаған сырлы сезімдеріне бір күйініп, бір суынған, толқынында талантын тербеген аяулы ана Жайық, ендігі бақытын өз немересінің маңдай иісінен табатын ардақты әже Жайық. Тарих қойнауына терең бойлап, қанды парақтарын ақтарар болсақ, сыңғыр соққан өзен жанындағы ұрпақ жыры – қазақ әдебиетінің ақтаңдақ беттерінде сақталар мәңгілік мұралар. Сол секілді, Жайық өңірінің таңсәріде туған шолпанына айналған айтыстың алыбы, тұяғын ғасырларға қайрап шыққан жыр тұлпары – Шолпан Батырқызы Қыдырниязова.
«Айтамыз біздер ақын деп,
Адамды от боп лаулаған.
Ақынға керек ақыл көп
Асаулық керек аздаған»,– деп Жайықтың жыр қыраны Қадыр ақын жырлағандай, ақындық пен адамгершіліктің асқағын бағындырып, елінің маңдайына туа біткен темірқазығына айналған және шоқтығы биік дүниелерді жарыққа әкелген Шолпан апамыз Батыс өңірінде, соның ішінде Қаратөбе мекенінде ерекше құрмет пен ықыласқа ие. Кір жуып, кіндік кескен жеріне деген ыстық көңілін қаракөлеңкелемей, пәк сезімін ластамай, мәңгілік құдірет санаған. Шолпан ақын:
«Мейірімнен шұғылалы шуақ күн,
Тынысыңнан табам жанға қуатты.
Сенде дер ем мен бесігі жұмақтың
Мекке кезіп жүргендерге шұбап мың», – деп «Қаратөбем» туындысында Ғарифолла мен Мұхиттың алтын бесігі болған мекенін сүйіп, шыр етіп дүниеге келгеннен бастап жасын жырдың нәзік шумақтары басталған туған өлкесін мәңгілік қастерлеп өтуге дайын екендігін ұғындырады. Ал «Қаратөбем, қасиетті құшағың» деген туындысында:
«Қаратөбем, қасиетті құшағың,
Өзіңде бар бір ерекше күш ағын.
Дүниеге келген сенде нәресте
Ұлы өмірге өнер болып ұшады» – деп, бар ғаламды жаратушы бір Тәңіріне қалай сыйынса, туған жеріне де солай сыйынып, қастерлейтінін жеткізгендей болады. Түптердің түбінде сағым ойнап, қаңбақ көшкен сары даланы құшырлана сүйіп, құшағына мәңгі сыйдырып, құшып өтсе де, бір сағынышы мен лаулаған сезімі барын атап көрсетеді.
Шалқар көңілдің жадыраңқы бейнесін танытарлықтай аспан әлемін шарпып, жартасты жалмап бір орнығатын, тулаған толқын бейнелі шиыршық атқан өршіл де өктем жырларын халықтың жүрегіне жеткізе біліп, ықыласына ие болған ақын арудың қазақ қызына тән қарапайымдылығы мен жүрек қылын шертер жыр туындылары ешқашан өшпек емес. Айтқанды шаңына көміп, айтысқанның басынан боран асырған ақын ару:
«Қол бұлғап шақырғанда қырға сағым,
Оңаша өлеңменен сырласамын.
Төсінде ен даланың отау тігіп,
Ұсынам тұңғышыма жыр жасауын.
Қайғырсам қапаланып жұбата алған,
Өлеңнен бұла жүрек қуат алған.
Мергеннің оғы жетпес мен маралмын
Өлеңмен атса ғана құлата алған», - деп жырлағандай, тарлан таланттың өмір жолына қоса өрілген өлеңін көзінің қарашығындай аялап, жыр пернесін жанына мәңгілік медеу санайды. Тәрбиелік тағылымы мол айтыс өнерін тереңінен түсініп, дала берген даналық қасиеттерді бойына сіңірген Шолпан ақын өмірде де, өлеңде де адам атаулының ала жібін аттамай, ана сүтімен дарыған адалдық, мейірімділік қасиеттерін мәңгілік жоғалтпады. Айтыс сахнасында өлең құдіретін етене түсініп, Сара мен Ұлбике ақынның таудан аққан дариядай сара жол, сарабдал өнерін жалғап, тек Батыс Қазақстан өңіріне ғана емес, күллі Қазақ жұртына етене танымал болды. Шолпан ақынның айтыстары әрдайым адамды баурайтын әсерлі. Ақтөбе облысының айтыскер ақыны Елеусіз Кенебаевпен айтысында ақынның:
«Ақын Шолпан Жайықтан,
Барымды саған ақтарам.
Өзіңдей жүйрік дүлдүлмен
Кездескенге мақтанам», – деген жыр жолдарына:
«Шабытым Ақ Жайықтың ағынындай,
Екпінім жанартаудың жалынындай.
Қол созған жігіттерге жеткізбеймін
Көктемгі көкжиектің сағымындай», – деп жауап қатады. Шолпан ақынның бұл айтыстағы ұтқырлығы мен ұтымдылығына бар қазақ жұрты сүйсініп, тіпті Қадыр ағамыздың өзі:
«Шолпанның айтыстарын қалт жібермей қадағалап келемін. Мен бүгінгі айтыстары оның айтыс өнеріндегі шырқау шыңы деп қабылдадым. Шолпан бүгін ерекше жыр шабытпен айтысты», – деп ұтымды пікір білдіреді. Кең тынысты керемет шабыт иесі заман шындығын шығарма арқауына айналдыра біліп, қазақ тілі мен әдебиетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қос-ты. Қазақ халқының болашағы үшін жаны ауырып, қанатымен су сепкен қарлығаш секілді игілікті іс тындыруға, туған жеріне мысқалдай болса да жақсылық жасауға ұмтылды. Ол қазақ өлеңінің ұлттық бояуы мен рухын ұстанды, сыршыл лирикасы мен туған жеріне деген махаббаты арқылы оқырман жүрегіне жол тауып, қазақ елінің жүрегін баурады. Ақын қай тақырыпта жырласа да, парасат пен ұлттық рухын барлығынан биік қоя білді.
«Иесі болмасам да жыр тағының,
Бойына жинай берген сыр тағылым.
«Үш жүзге ән оздырған» әнші Мұхит
Елінің өнер қуған ұрпағымын», – деп өзі үрлеген намыс оты мен қаптаған ақ күмістей ақ адал көңілін өзгеге де үндеуді көздейді.
«Қаратөбе, қасиетті жерімсіз,
Қашан текті толғатасыз енді сіз?
Өткен ғасыр ортасына келерде
Қыз тауыпсыз керім ұлға бергісіз.
Жеті өлшеп, бір айтар жан кесімін,
Аспан жақты армандаса несі мін?
Батыр әке, ақын әке үкілеп
Шолпан депті сол бір қыздың есімін»,- деп ақын Сағынтай Бисенғалиев жырлағандай, әкенің қанымен, ананың сүтімен тараған ақындық қасиетін шыңдап, екі ернеуін мұз-моншақ жырымдаған тау бұлағы секілді ақбұлақ сезімін жырға айналдырған ақын ару есімі санамыздан ешқашан өшпейді деп ойлаймын.
Елмен еншілес, халықпен тағдырлас тұлға Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Ұлттық болмысты, ұлттық кодты сақтау – рухани жаңғырудың басты шарты», - демекші, қазіргі таңда қазақтың қазыналы тілінің бір пұшпағын илеген ардақты ақын, аяулы ана, асыл жар Шолпан апамыз тек қана шәкірт тәрбиелеумен ғана емес, ұлт болашағына да ерекше үлес қосуда. Ғаламтор бетіндегі «Менің тәрбие сағатым» айдары көкейіндегі көзін алысқа тігіп, көкжиектен көтерілген дала бүркітіндей өскелең ұрпақты дұрыс жолға салуда маңызы зор болып табылады. Сын сағаттарда ақ жолға бастайтын Темірқазық сынды бітімі бөлек тұлғаға арнап кие дарып, құт қонған шырайлы мекен Қаратөбе өңірінің тумасы мен де бір ауыз жыр арнамасам, арыма сын келмей ме?
«Мекен дей ме?
Жетпейді бірақ-бірақ,
Сендік рух бәрінен қуаттырақ.
Мұхит пен Ғарифолла келіп саған
Жауын болып көктемде жылап тұрад.
Жел сұрап, жырлап сені тас-тауымды,
Ән болып кел, билетші жас қауымды.
Жыр болып жанарыңнан жасты сүртіп
Шолпан қыз көтереді шашбауыңды»,- деп, Шолпан апамыздың сіңлісі ретінде жолын жалғап жыр арнап, күзгі тұманда қалған көмескі көңілдің сырын ұғындыра білдірсем деймін. Тілі мірдің оғындай, сөздің сиқыры болмысына дарыған ақын жыры – ақын жанының айнасы. Мен де Қаратөбе өңірінің тумасы болғандықтан, жерлес ақын апамның жолын қуып, аты әмбеге аян ақын болсам деймін. Бір қаламның ұшымен жазылып, барша қауым жүрегіне орнаған ақын жыры мен өнегелі ісі тұрғанда және есімін ту қылып ұстар ұрпағы бар кезде тұлға есімі ешқашан ұмытылмайды.
Ақгүлім Ерболова,
С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық
қазақ мектеп-интернат кешенінің 8-сынып оқушысы