28.05.2019, 16:27
Оқылды: 44

Шыңғырлауда «Көне Сегізсай» симпозиумы өтеді

Биылғы 11-13 маусым күндері Шыңғырлау ауданында Есенамантау үстіртінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген археолог ғалымдардың қатысуымен «Көне Сегізсай» тақырыбында далалық археологтар симпозиумы өтеді. Бұл туралы БҚО-ның өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім болды.

ad9bc233-3e98-4b66-bf2e-c04e82b93108 - копия

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберіндегі облыс әкімдігінің іс-жоспарына сай ұйымдастырылған шараға Ресей Федерациясының Мәскеу, Волгоград, Челябі, Орынбор, Самара қалаларынан, еліміздің Ә.Марғұлан атындағы археология институтының қызметкерлері, Нұр-Сұлтан қаласы, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарынан әр түрлі жылдары Шыңғырлау ауданында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген археологтар келеді.

-Симпозиум Шыңғырлау аудандық әкімдігінің қолдауымен өтеді. Шыңғырлау ауылында пленарлық жиналыс өтіп, кейін Сегізсай елді мекені аумағындағы Есенамантау үстіртінде Ресей Федерациясы және қазақстандық археологтардың қатысуымен «Археология ескерткіштерін сақтау және зерттеу. Ресей Федерациясы және Қазақстан Республикасындағы ескерткіштерді зерттеудің заманауи әдістері, оларды сақтау проблемалары және шешілу жолдарын талқылау мәселелері» тақырыбындағы далалық семинар ұйымдастырылады, - деді Шыңғырлау ауданының тарихи-өлкетану музейінің басшысы Тілеген Қалиев.

Оның айтуынша, Шыңғырлау ауданында туристік кластерді дамыту жобасына сәйкес Сегізсай қорымы аумағында ашық аспан астындағы музей ашу көзделген. Сондай-ақ сарматтар дәуірінің мыңжылдық кезеңін қамтитын тарихи орын қасынан өтетін Саратов-Шымкент күре жолының бойына композиция қою жоспарланған. Сегізсай алқабында 300-ден аса көне қорым-оба бар. Сол маңда көне шаһар болуы керек. Қала сол маңдағы Аққұм құмының астында қалуы мүмкін деген де жорамал айтылады.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале