Ақжайық ауданы Жаңабұлақ ауылындағы коворкингте «Туған жер-тұнған тарих» атты зияткерлік ойын ұйымдастырылды.
Шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, айтыскер ақын, әнші Қатимолла Бердіғалиев, ауылдық округ әкімі Ермек Құсайынов, аудандық орталық кітапхана директоры Роза Мұсағалиева, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жанна Нұржанова, облыстық арнаулы кітапхананың, аудандық орталық кітапхананың ерекше қажеттілігі бар оқырмандары қатысты.
Шара облыстық арнаулы кітапхананың 50 жылдық мерейтойы аясында, «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі, сонымен қатар облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапхананың бірлескен «Мейірімділік жолымен!» әлеуметтік-мәдени жобасы бойынша өтті.
«Сәулелі нұр әкелуші» атты кітап көрмесі жасақталып, таныстырылды. Мұнда Ақжайық ауданынан шыққан белгілі ақын-жазушылардың әдебиеттері және зағип жандарға арналған бедерлі қаріптегі, дыбыстандырылған кітаптар, тифлоқұралдар қойылды.
Ойынның ашылуында «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі БҚО филиалы төрағасының міндетін атқарушы Ибатолла Хамзин, облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапхананың директоры Қарагөз Боранбаева сөз сөйлеп, отырыстың мән-маңызын әңгімеледі.
«Не? Қайда? Қашан?» атты зияткерлік ойынға облыстық арнаулы кітапхананың мүшелерінен құрылған «Ақжайық» зияткерлік клубы мен аудандық орталық кітапхана жанындағы «Нұр» рухани отауының мүмкіндігі шектеулі оқырмандары арасында өтті.
Сайыс барысында командалар мүшелері облыс тарихы мен мәдениетінен, туған өлке шежіресінен қойылған сұрақтарға жауап беріп, жарысқа түсті. Екі кезеңнен тұрған білім бәсекесі нәтижесінде оралдық команда жеңіске жетті. Қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.
Рахмет Қали,
Ақжайық ауданы,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер