Ақжайық ауданы орталығының басты алаңында «Ел рәміздері – ел рухы» атты мерекелік салтанат өтті.
Жиналған қалың қауымды аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов құттықтап, сөз сөйледі.
«Ұлттық белгілеріміздің бәрі елін сүйген кез келген азаматтың намысын көтеріп, рухын асқақтатады. Оларды қастерлеу, қасиетін білу, жүрекке тоқу – отансүйгіштік деген сөз. Қазақстанның әрбір азаматы Әнұранды жатқа айтып, Елтаңбасының тарихын түсініп, Көк туын мәңгі желбіретіп қойса, міне, бақыт деген осы. Ұлттық рухты кемел жеткізе білген біздің нышандарымыздай белгілер әлемде сирек кездеседі десек те, артық болмас»,- деді аудан әкімі.
Рәміздерге арналған қоғамдық-саяси шара барысында аудан басшысы еселі еңбектері, ортақ істердегі белсенділіктері үшін облыс әкімі Алтай Көлгіновтың алғыс хаттарын «Радуга» славян ұлттық мәдени орталығының мүшелері Галина Ереева, Александра Юлаева (Чапаев ауылы), аудан орталығындағы М.Әуезов атындағы мектептің тарих және қоғамдық пәндер мұғалімі Шұғыла Жиесова, Чапаев ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Жігербай Қажығалиев, «Ерәлі» шаруа қожалығының жетекшісі Бақтығали Темірғазиев (Бударин ауылы), «Сұлтанмұрат» шаруа қожалығының жетекшісі Бейімбет Тілепқалиев (Алғабас ауылы), БҚО мүгедектері ерікті қоғамы ҚБ аудандық филиалының төрағасы Мұрат Сәрсенов және аудандық орталық аурухананың директоры Дархан Хайрушевке тапсырды.
Мәдениет қызметкерлері мен көркемөнерпаздар концерт берді. Тәу етер тәуелсіздігіміздің қасиетті нышандарын ерекше қадірлеу - баршамыздың қастерлі парызымыз. Осындай ой түйінделген кездесу, дөңгелек үстел мәжілістері, дәрістер ауданның барлық ауылында жалғасуда.
Бекем Бекұлы,
суреттерді түсірген Нұрбек Ихсан,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер