Бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов Қазталов ауданына келді. «Чапаев-Жалпақтал-Қазталов» республикалық жолының күрделі жөндеу жұмыстарымен танысқан өңір басшысы Қазталовтағы көшпелі жиынға қатысты.
Биыл Тұңғыш Президентіміздің тапсырмасы бойынша Қазталов-Жәнібек-Бөкей ордасы бағытындағы күре жол күрделі жөндеуден өткізіледі. Бұл туралы облыс әкімі Алтай Сейдірұлының төрағалығымен өткен көшпелі жиында мәлім болды.
Қазталов, Жәнібек, Бөкей ордасы ауданы тұрғындарының басын қосқан жиында өңір басшысы республикалық маңызы бар күре жол биыл үш лот бойынша күрделі жөндеу жұмыстары басталатынын жеткізді.
– Қазталов-Жәнібек-Бөкей ордасы күре жолы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей бақылауында тұр. Қазталов ауылынан басталатын бірінші лот бойынша 50 шақырым жолды «Юнисерв» ЖШС жасайтын болса, Жәнібекке дейін екінші, үшінші лоттар бойынша 85 шақырым жолды «ТеміржолЖөндеу» ЖШС атқаратын болады. Ал Бөкей Орда бағытындағы лоттар бойынша конкурс өткізіліп, мердігер анықталып жатыр. Алдағы уақытта ол бағытта да жолды бастаймыз. Алдағы екі жылдың ішінде аяқтау көзделіп отыр,- деді облыс әкімі.
Сонымен қатар Алтай Сейдірұлы «Чапаев-Жалпақтал-Қазталов» жолына да тоқталып өтті.
- Биылғы жылы осы жолдың жөндеу жұмыстарына 2 млрд. 500 млн теңге қаражат бөлінді. Соның нәтижесінде «Юнисерв» ЖШС Қазталов бағытында 16,6 шақырым жолды жөндейтін болады. Бұл жолға қосымша қаражат қарастырылып жатыр. Сол үшін жылдың аяғына дейін мердігерге жолды түгелімен бітіруді тапсырамын,- деді.
Қайрат Жақып,
Суретке түсірген Динара Киндербаева
Қазталов ауданы