10.07.2019, 10:44
Оқылды: 75

Атыраулық өнерпаз Ғарифолла Құрманғалиевке ән арнайды

Оралда Қазақстанның халық әртісі, дүлдүл әнші, композитор Ғ.Құрманғалиевтің 110 жылдығына байланысты мәдени-көпшілік шаралар өтуде.

110 (1)

Облыстық халық шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен «Дәстүрлі әншіліктің дарабозы» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов, ақын Ақұштап Бақтыгереева, әншінің ұрпағы мен көзін көрген аға буын өкілдері және жас өнерпаздар қатысты. Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Түркістан қалаларынан әншінің мұрасын насихаттап жүрген шәкірттері, елімізге танымал өнер адамдары, мәдениет қайраткерлері арнайы келді. Делегация құрамы ақын Қадыр Мырза Әли ескерткіші алдына жиналып, гүл шоқтарын қойды. Достық үйінде бас қосқан қауымға облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев даусы ғажап, дарыны ерен дарабоз даңқына арналған іс-шаралар барысымен таныстырды. Облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов сөз алды.

110 (2)

– Ғарифолла Құрманғалиевтің дауыс диапазоны кең, азаматтық келбеті ерен еді. Атадан балаға мирас болған өнер керуеніне даңғыл жол ашты. Ғарекеңе арналған іс-шаралар облыс көлемінде кеңінен аталып өтілуде. Әншінің туған жері – Қаратөбе ауданында «Жез таңдай, күміс көмей ән дүлдүлі» ІV республикалық байқауы өтеді. Оған 22 үміткер қатыспақ. Жас өнерпаздарға сәттілік тілейміз, - деді Миржан Сатқанов.

Басқосуда сөйлеген Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы, профессор, ҚР Халық әртісі Қажыбек Бекбосын 1965 жылы Алматыда Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті атанғанын, содан бері өмір бойына өнер айдынында ұстаздық қылған танымал тұлғаға тәнті екенін айтты.

– «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған», «Өтірік мақтау сыртыңнан оқтау болады», «Маңдай теріңді төгіп еңбек ет», «Артыңнан өсек ергені – өнеріңнің өскені», «Халық – дария, сен – аққу, тұяғыңды көрсетпей жүз» деп айтқан інжу-маржан нақылдарды ешкімнен естімедім. Ғарекең шәкірттерін осылай адалдыққа тәрбиеледі, туралыққа жол көрсетті. Өнер халқымен мәңгі жасайды, ұлт тірі тұрғанда, аяулы перзентін ұмытпайды, - деді Қажыбек Бекбосын.

110 (3)

Атыраудан келген ҚР Мәдениет қайраткері, әнші Гүлмайдан Сүндетова бала күннен патефоннан Ғарифолла әндерін тыңдап өскенін, бірақ кейін композитордың алдынан дәріс алатынын мүлдем ойына алмаған бақыт екенін тілге тиек етті. Ол ұстазының сахна мәдениетіне баулығанын, көпшілік алдында жарқырай өнер көрсетуге тәрбиелегенін, ақыл-кеңесін жайдары қалыппен, әзіл-қалжыңмен астастыра жеткізетінін әңгімеледі. Гүлмайдан Сүндетова бүгін Қаратөбе ауданында өтетін шарада сөзін ақын Асантемір Қаршыға жазған, ұстазына деген сағыныш сезімінен туған авторлық әнін орындағалы отырғанын хабарлады.

Дөңгелек үстелде Ақтөбеден келген әнші-термеші, «Мәдениет майталманы» белгісінің иегері Хайдар Өтеғалиев, Нұр-Сұлтандағы Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті, ғылыми өнер кандидаты, музыка зерттеуші, Ғ.Құрманғалиевтің немересі Меруерт Құрманғалиева, ҚР еңбек сіңірген әртісі Қапаш Құлышова, жерлесіміз, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Сәуле Таудаева сөйлеп, естеліктерімен бөлісті. Мәжіліс соңы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында «Ән – ұрпаққа аманат» фестиваліне ұласты. Фестивальде Қазақстанның халық әртісі Ғ.Құрманғалиевтің шәкірттері мен өнер қайраткерлері ән шырқады.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegramарнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале