Бүгін Орал шаһарының туған күніне орай Зашаған кентіндегі орталықтандырылған кітапхана жүйесінің №5 кітапхана филиалы жаңартудан кейін замануи коворкингке айналды.
1965 жылы бой көтерген бұл ғимарат бүгінге дейін күрделі жөндеу көрмеген. 52 600 кітап қоры бар кітапхананың 4200-ден астам оқырманы бар.
-Қайырлы күн, құрметті қала тұрғындары. Баршаңызды келе жатқан Орал қаласының мерекесімен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Бұл кітапхана филиалы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асырылып жатыр. Қала күні аясындағы шаралар легі басталды. Кітапхана осы маңның тұрғындарына рухани орда болады деп сенеміз. Ардагерлеріміз жас ұрпаққа саналы тәрбиелеріңізді берумен қатар, тәжірибелеріңізді бөліссеңіз. Бұл орталықты ашу үшін қала күнін тойлау үшін бөлінген қаржынының біраз бөлігін қысқартуға тура келді. От шашуға жұмсалатын қаржыны үнемдеп, бірнеше ұрпаққа қызмет ететін рухани орданың жаңғыруына жұмсадық,- деді қала әкімі Абат Шыныбеков.
Айта кетсек, коворкинг орталығында көпшіліктің жұмыс істеуіне ыңғайлы экокиоск, буккросинг бұрышы жасақталып, бірлесе жұмыс істейтін конференция, балалар шығармашылық алаңдары бар. Мұнда «Жас өркен», «Қайнар», «Адам және заң» клубтары, қуыршақ театры, «Шебер қолдар» қолөнер үйірмесі жұмыс істейді.
Гүлсезім Бияшева
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер