Қазталовтық Қарсақовтар жанұясы Нұр-Сұлтан қаласында биыл алтыншы рет өткен республикалық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауда Елбасы қорының арнайы сыйлығын иеленді.
Отағасы Медет Бақытжанұлы Алма Оразбаева атындағы мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Ал отанасы Гүлайым Төлегенқызы Қазталов мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі. Медет пен Гүлайым екі ұл, үш қыз тәрбиелеп отыр.
-Әке мен анадан көрген тәрбиені бүгінде біз жалғап, немере-жиен көрген мәуелі бәйтерекке айналдық. «Тәрбие – тал бесіктен» демекші, біздің әулетте бойға сіңген өнегенің арқасында әрқашан ынтымақ пен бірлігіміз бекем. Осының нәтижесінде «Мерейлі отбасының» екі кезеңінде де алдыңғы саптан көрінгенімізге ризамыз. Әке мен шешеден алған тәрбиені кейінгі ұрпақтарымызға дарыта білсек, одан асқан бақыт жоқ. Әр отбасында ұлттық құндылықтарымыз сақталса игі, -дейді Медет Бақытжанұлы.
Гауһар Әділжан,
Қазталов ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер