18.09.2019, 16:14
Оқылды: 89

БҚО-да чернобыльдіктерге құрмет көрсетілді

Оралдағы «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінде Чернобыльдегі атом стансасындағы апаттың салдарын жоюға қатысқан бір топ ардагерге естелік-қоғамдық медальдар табыс етілді.

- Сіздер барша халықтың амандығы жолында өз өмірлеріңіз бен денсаулықтарыңызды қатерге тігіп, атом электр станциясында болған дүлей апатты залалсыздандыруға қатыстыңыздар. Бүгінде қоғамдық, мәдени-көпшілік іс-шараларға белсенді атсалысып, өмірдің әр саласында еңбек етіп келесіздер. Бұл басқосудағы мақсат сіздермен емен-жарқын отырып әңгімелесу, қоғамда болып жатқан өзгерістер мен күрмеулі мәселелерді шешу жолдары жөнінде ой бөлісу еді. Әрине сіздерді толғандырған мәселелер де назарға алынатын болады, - деді шараны ашқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлыбек Даумов.

58db5e18-8ec3-4d71-aa3a-500f8db93af4

Чернобыльдықтармен кездесу барысында  ол Павел Пальгов, Жаслан Бақытов, Тынышқали Ихсанов, Владимир Долина, Сабыр Мұхамедиев бастаған бірнеше ардагерге «Ерлігі үшін», «Чернобыль ардагері», «ЧАЭС 30 жыл», «Чернобыль 1986-2014 жж.» атты  медальдарды  табыс етті.

Бейресми  кездесу  барысында чернобыльдік ардагерлер өздерін мазалаған мәселелерді де ортаға салды. Олар арнайы санат бойынша кезекте тұрса да, он жылдан астам уақыттан бері пәтер ала алмай жүргендерін айтты. Ал «БҚО Чернобыль ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асқар Тайманов елордада чернобыльдіктердің мәртебесін ҰОС ардагерлеріне теңестіру мәселесі қаралып жатқанын тілге тиек етті.

e6f86045-bfc1-4983-901e-e815da3fba5f

- Бұл - республика көлемінде шешілмеген мәселенің бірі. Бүгінде «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға берiлетiн жеңiлдiктер мен оларды әлеуметтiк қорғау туралы» ҚР Президентiнiң 1995 жылғы 28 сәуiрдегi Заң күшi бар Жарлығының бабы ескірген. Таяуда Нұр-Сұлтан қаласында баспасөз мәслихатын өткізіп, мазалаған  мәселелерді ортаға салмақпыз. Екіншіден  чернобыльдіктерге берілетін жәрдемақыны ҰОС ардагерлерімен теңестіру керек. Сонымен қатар олардың жесірлерінің, аталмыш апаттан кейін туған балалардың жағдайы ойландырады.  Оңалту-сауықтыру орталықтары қажет. Құзырлы мекемелер бұл қаржыға келіп тірелетін мәселе екенін алға тартады. Атап өту керек, бүгінде мәселелерді шешу жергілікті жердегі билікке берілген. Сондықтан да әр облыста берілетін жеңілдіктер әр түрлі. Жыл санап біздің қатарымыз сиреп келеді. Қазір облыста үш жүздей ғана қалдық. Ал шешімін таппаған мәселелер әлі көп, - деді Асқар Тайманов.

fee9af5a-8ebf-4266-81d9-fba5f81ba320 6453cd57-f8c3-45c8-8546-7f20fc3bdf7c

Ясипа РАБАЕВА,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале