Рахметолла Егізбаевтың 95 жылдығына орай Жәнібек ауданы Борсы ауылдық округіне қарасты Тегісшіл елді мекеніндегі мектеп ауласында жазғы спорт алаңы пайдалануға берілді.

Жазғы спорт алаңның ашылу салтанатында сөз алған аудандық мәслихат хатшысы Тахир Қадимов ауданда бірқатар жұмыстың жүріп жатқанын тілге тиек етіп, осы нысанды салуға үлес қосқан «ЖәнібекТрансСервис» ЖШС-ның директоры Айболат Аяповқа алғысын жеткізді. Жаңадан пайдалануға берілген ойын алаңында аудан әкімшілігі ауылдың жас спортшыларына спорт киімдерін тарту етті.

Жиында сөз алған ауыл ақсақалы Әбусалық Дишенов балалар үшін алаңды салып, пайдалануға беруге дәнекер болған аудан, ауыл әкімдіктеріне, мердігер мен құрылысшыларға алғыс айтты.

«ЖәнібекТрансСервис» ЖШС-ның директоры Айболат Аяповтың айтуынша, жазғы спорт алаңының құрылысына 11 млн. 424 мың теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстары бір айға созылып, ауыл тұрғындарынан төрт адам жұмысқа тартылды.

Жаңа нысанның тұсаукесер рәсімі аяқталған соң ауылдық округ пен елді мекендердің командалары арасында шағын футболдан турнир өткізілді.
Г.Тілекқабылқызы
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер