2.10.2019, 13:08
Оқылды: 71

Сайқында он бес сарбаздың мүрдесі жер қойнына берілді

Қазанның 2-сі күні сайқындық жұртшылық үшін ерлікке тағзым күні өтті деуге болады. Нақ осы күні қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметованың туғанына 97 жыл толды. Жазда Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылынан он сегіз шақырым жерден Сталинградқа жол тартқан сарбаздардың мүрделері табылған еді. Сол боздақтардың сүйектері дәл осы күні жер қойнына тапсырылды. Екі шараның сабақтастығы айтпаса да түсінікті.

IMG_1022

Шара Мәншүк ескерткіші жанынан басталды. Батыр апамыздың өмір жолы, ұрпаққа ұран болған ерлігі айтылып, гүл шоқтары қойылды. Дәл осы рәсім М.Мәметова атындағы мектеп жанындағы батыр қыз бюсті жанында жалғасты.

Бұдан кейін жұрт Қызыл тулы 196-Гатчинск атқыштар дивизиясының бауырластар зиратына бет алды. Биылғы маусымда теміржол бойындағы №65 разъезд стансасы тұсында қазба жұмыстары жүргізіліп, Сталинградқа көмекке аттанған теңізші атқыштар бригадасының сарбаздарының мүрдесі табылған еді. Бүгін сол он бес сарбаздың мүрдесі жер қойнына берілді.

IMG_1016

Аудан әкімі Нұрлан Рақымжанов:

– Бүгінгі үндес екі шараның бір күнде өткізілуі заңдылық. Өйткені, Мәншүк апамыз жиырма бірінде қаза тапса, жерленгелі отырған жауынгерлердің орта жасы 18-22 жас екен. Өрімдей жастар, алдағы күндеріне жақсы жоспар құрып, армандап та үлгермеген жастар естіп-білмеген Бөкей даласында оққа ұшты. Ұлы Отан соғысы – ақ армандардың өшкен, үміттің үзілген, екі шаңырақтың бірі қара жамылған үлкен қасірет. Біздің ауданда соғыс жаңғырығы әлі де бар. Себебі Сталинград майданының ең жақын тылы болды. Мына ұзынынан бойлап, көз жетпеске жалғасқан теміржол бойы жау бомбаларының астында қалды. Бейбіт күн, ашық аспанның қадырын білейік. Бұл бейбітшілік бізге аға-апаларымыздың қанымен келген,-деп жас ұрпаққа ой тастады.

IMG_1020

Еңбек ардагері, ұстаз Ноқаш Қадимов бауырластар зиратының тарихын санада бір жаңғыртты. Соғыс кезінде оққа ұшқан жауынгерлердің сүйегін жинап, ит-құсқа жем болудан сақтап қалған Сақып Өтеғалиева, Наташа есімді апаларымыз екенін, сол соғыс құрбандарының жерленуіне бастамашы болған Шыныбай Шарафеддинов екені айтып өтті.

IMG_1051

Ерлікті ұрпаққа ұран еткен шаралар легі Мәншүк музейіндегі тәрбие сағатымен, аудан ұстаздары арасындағы волейболдан өткізілген турнирге жалғасты.

Ұлпан Жакина

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале