Ежелден ат баптап, арғымақ мінген қазақта «Алты күн аш қалсаң да атыңды сайла» деген мәтел бар. Қазақ қашанда жылқының қадірін білді. Жылқы десе жеген асын жерге қойды. Тынысы кең тұлпарларды баптап, додаларда бағын сынатты. Көкпар тартты, бәйге алды, дүбірді көрсе делебесі қозды. Ат үстінде күн кешкен ата-бабамыз осы бір асыл жануардың арқасында ұлан-ғайыр атырапты ұрпақтарына аманаттап кетті...
Деректерге сүйенсек, қазір қазақ елінде жылқының 17 тұқымы өсіріледі. Кең байтақ даламызда 1,7 млн. жылқы бар. Бұл басқа елдермен, мәселен, Ресеймен салыстырғанда көп көрінеді. Бірақ Ресейді былай қойғанда, ат спортының нағыз ошағы Азия елдері емес пе?! Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан. Міне, осы елдерде ат спорты жақсы дамыған. Соңғы уақытта Қазақстан да олардың қатарына көтерілді. Ұлттық ойындарды дамытуға мықтап ден қоя бастадық. Көкпар, бәйге, аударыспақ, жамбы ату тар шеңберден шығып халықаралық деңгейге өсті. Бір ғана «Алтын тұлпар» бәйгесінің өзі неге тұрады? Тіпті соңғы жылдары жамбы ату ойыны да қолға алынып, елімізде дәстүрлі түрде дәріптелуде.
Жыл сайын ұлттық спорттың үздіктеріне арнайы марапат тапсырылып, жоғары деңгейде құрмет көрсетіліп келеді. Додалардан оза шапқандардың беделі биіктеп, абыройы асқақтап, мәртебесі көтеріледі. Міне, мұның бәрі ұлттық спортқа деген жанашырлық һәм қолдау. Осы бағытта біз Жаңақала ауданындағы ұлттық спорттың қазіргі жай-күйін, хәл-ахуалын білмек ниетте аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұлттық ат спорт түрлері бойынша жаттықтырушысы, көкпардан БҚО құрама командасының белді мүшесі, аударыспақтан облыс чемпионы, теңге ілуден облыстық жарыстың жүлдегері, білекті де жүректі азамат Қолғанат Тұрарбекұлы Серіковпен сұхбаттасқан едік.
- Қолғанат оқырманға өзіңізді таныстырып, ұлттық спортқа қалай, қашан келгеніңіз жөнінде айтып берсеңіз?
- 1994 жылы 4 тамызда Жаңақала ауданы, Айдархан ауылында дүниеге келдім. Ауыл баласы болған соң жастайыман атқұмар болып өстім. Әкем 6 жасымнан бастап атқа мінгізіп үйретті. Сол бозбала шағымнан бері жылқыны ерекше жақсы көрдім. Ауылда мектепті бітіргеннен кейін М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығына оқуға түстім. Студент кезде бар мүмкіндікті пайдаланып, ұлттық спорт түрлері бойынша тәлім алып, тәжірибе жинақтадым. Кейін ЖОО-ны аяқтағасын қаладағы ат спорты мектебінде алғашқы еңбек жолымды бастадым. Одан әрі ауданға келіп жұмысымды жалғастырдым. Артынша аудан басшылары қолдау көрсетіп, ұлттық спорт түрлері бойынша үйірме ашып берді. Міне, содан бері оқушыларды ұлттық спортқа баулып жатқаныма 1 жылдай болды. Шүкір, жетістіктеріміз жоқ емес. Аударыспақтан облыстық чемпионатта 70 келі салмақта Әділ Оңғарбаев, 60 келі салмақта Мейрамбек Шиязов сынды палуандарымыз ІІ орын алған еді. Шыңғырлау ауданының 90 жылдығына орай өткен жарыста да құр қол келмедік. Жерлестеріміз жеңістің туын желбіретті.
- Жас оғландардың ат спортына деген қызығушылығы қандай? Үйірмеңіз жөнінде айтып берсең?
- Жаңақалада жас балалардың ұлттық спортқа, соның ішінде ат спортына деген қызығушылықтары өте жоғары. Қазіргі таңда оқушылар 3 топта жаттығып жүр. Әр топта 5 баладан, барлығы 15 өрен бар. Мен тек аударыспақ емес, көкпар, жамбы ату, теңге ілу бойынша да жастарды ұлттық спортқа баулимын. Қолымнан келгенше білгенімді үйретемін. Шәкірттерімнің де жетістіктері аз емес. Мәселен, күні кеше Ақжайық ауданында өткен айтулы жарыста топ жарды. Аударыспақтан 45 келі салмақ дәрежесінде Ислам Қыдыров қарсыласын шақ келтірмей I орынды иеленсе, +45 келі салмақта Нұрзат Жарылғапов II орынды қанжығасына байласа, осы салмақта III орынды Сұлтанбек Болатов еншілеп, арнайы диплом, ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Оқушыларым облыстық жарысқа тұңғыш рет қатысса да осындай жетістікке жеткені аудан үшін де, мен үшін де үлкен қуаныш. Міне, шәкірттерімнің осындай жарқын жетістігінің өзі олардың қызығушылығының жоғары екендігін көрсетеді.
- Жалпы Жаңақала төрт түлігі тең өскен, малы мол қазақы аудан. Қазіргі таңда ауданда ат спортының ахуалы қандай? Даму бар ма?
- Ауданда ат спорты жоғары деңгейде дамыған деп айта алмаймын. Мүмкін бастау алып жатқанына 1 жыл болғасын шығар. Алайда көршілес Ақжайық ауданы, Шыңғырлау, Бөрлі, тіпті Жәнібек аудандарында ат спортының деңгейі бізден көш ілгері екені анық. Біздің ауданда ұлттық спортты дамытуға бағытталған қолдау, дұрыс көзқарас жоқ емес. Дегенмен жолымызға кедергі болып, ат спортының дамуын тежеп тұрған қиындақтар да жетерлік.
- Қандай қиындықтар бар?
- Мысалы, аттарды жалға беретін иесі мен біздің билік арасында кедергі бар. Себебі аттың жалға беретін пұлы кешеуілдеп жатады. Сондықтан ат иесі атын бергісі келмейді. Ал ат жоқ кезде атқа ұқсас «жансыз ағашты» ат етіп дайындаламыз. Ол ойнақтап тұрған аттай болмағасын да оқушылардың ынта-ықыласы кетіп, қызығушылықтары төмендейді. Сондықтан бұл мәселе уақтылы шешімін тапса деген тілегім бар.
- Ауданда ат спортын дамыту үшін не істеу керек? Өз ойыңды ортаға салсаңыз?
- Жарыс болмаса жастардың бағыты жылдам өзгеріп, қызығушылықтары бәсеңдеп қалады. Ат спортына ниеті бар баланы одан әрі ынталандыра түсу қажет. Сол себепті ауданда ұлттық спорт түрлерінен жиі-жиі жарыстар өткізіліп тұрса, бізді де өзге аудандардағы, облыс орталығындағы түрлі байрақты бәсекелерге жіберіп тұрса деген ұсынысым бар. Ал жарысқа қатысу балалардың ат спортына деген құмарын одан сайын арттыратыны айтпаса да белгілі.
Қазір малды ауылдарға барсаң, атқа мініп, қой бағып жүрген жігіттерді көрмейсің. Сол менің жаныма батады. Меніңше, бірінші, ауданда ұлттық спорт ойындарын дамыту үшін өз алдына арнайы ат спорты мектебін ашқан дұрыс. Мәселен, еліміздің оңтүстік өңірінде ұлттық ат спорты мектебі жақсы дамыған. Осы мектептен балалар атқа шабу мен көкпар тартудың қыр-сырын жетік меңгеріп, ат құлағында ойнайтын болып шығады. Екінші, ауданда ұлттық спортты дамытып, өркендету үшін алдымен билік басындағылар ден қою керек. Сұратпай-ақ ат мәселесі шешілсе дейміз. Мүсінді, қуатты, белді 5-6 ат сатып алып берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Онда біздің оғландарымыз да рухты, мықты болып, жігерлене түседі. Бұл жайтқа жеке кәсіпкер, шаруа қожалығы иелері де құлақ асып, қолұшын созса артық етпес еді. Шыны керек, қазір бізде ат жоқ. Жалға алып жүргеніміз 2 ат ғана. Ол аздық етеді. Дұрыстап дайындалып-жаттығу үшін кемінде 4-5 ат керек.
- Қай-қай спорт түрін алып қарасақ та адам денсаулығына пайдалы. Ал ат спорты оқушыға не береді?
- Ат спорты – адам денсаулығына өте пайдалы. Ер баланы шыдамдылыққа, төзімділікке тәрбиелейді.
- Әңгімеңіз үшін рақмет!
Түйін: Спорт – денсаулық кепілі. Салауатты өмір салтын қалыптастырып, ортасына үлгі болу әркімнің міндеті. Қашанда спорт – дегеніміз жасампаздықтың символы. Ал әр халықтың мықтылығы мен тектілігін, мәдениеті мен мінез-құлқын танытатын ұлттық ойындары болатыны белгілі. Соның ішінде жалпы ережесі қалыптасып, жарыс күнтізбесіне еніп, бұқаралық сипат алғаны қаншама? Соңғы жылдары ұлттық спортқа Үкімет тарапынан үлкен көңіл бөлініп жүр. Ауданда ұлттық спортты дамыту бағытында ақырындап болса да жұмыстар атқарылып жатқанын жоққа шығаруға болмас. Дегенмен кемшін тұстарын да қос жанарымыз көріп жүр. Ат спортына құмартқан ауыл балаларының жаттығуға барып, жасанды есекке жармасып жатқандары қынжылтады. Жалға алған аттардың да түрі түр емес. Жүдеу, арық, аласа, сұрықсыз аттарға қарап қалай көзің тойсын? Оны аударыспақтан жарыс болғанда бірнеше мәрте байқап жүрміз. Адамнан бұрын ат теңселіп жатады. Бұл бөлек әңгіме... Ат спортынан жарыстардың жиі өтпейтіні де кәдік. Тек қана бірең-сараң мерекелерге тіреп қоямыз. Неге ат спортынан шағын футбол мен волейбол секілді дәстүрлі турнирлер өткізбеске? Кім кедергі?
Қаймағы бұзылмаған, түтіні түзу ұшқан, нағыз қазақы ауданда ат спорты дамымаса ел азаматтарына сын болары даусыз. Сондықтан ат спортын дамытуға оң пейіл, дұрыс көзқарас танытылса, онымен айналысатындардың арасында қара домалақтарымыздың көптеп табылары хақ. Тек оларды бұлақтың көзін ашқандай іздеп тауып, шеберлігін шыңдап, баулып-баптап, аламан бәйгеге әкеліп қосу керек. Егер осы мәселеге бас ауыртып, баса назар аударсақ қана ұлттық спорт түрлерінің де жанданары сөзсіз. Бұқара мен билік өкілдеріне айтып жеткізгім келген назымыз осы еді...
Алтынбек Ермекқалиев
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер