7.11.2019, 15:00
Оқылды: 67

Оралда жаңа автобекет пайдалануға берілді (СУРЕТ)

Оралда бұрынғы автобекеттің аумағынан бой көтерген «Hazar» жаңа автобекеті салтанатты түрде ашылды.

 avtovokzal (2)

– Мемлекет тарапынан орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға, халыққа қызмет көрсету сапасын арттыруға жан-жақты көмек-қолдау көрсетілуде. Жаңа автобекеттің ашылуы – бәрімізге ортақ қуанышты оқиға. Кәсіпкерлік саласында өзіндік орны бар, жолаушыларға қызмет көрсетіп жүрген «Батыс Қазақстан автобус паркі» компаниясының құрылтайшысы өздерінің бастамасымен автобекетті жаңадан салып, соның нәтижесінде жарық әрі кең, жолаушыларға ыңғайлы, қызмет көрсетудің барлық түрін ұсынатын автобекетті іске қосты. Жаңадан 50-ге тарта жұмыс орны ашылды, – деген Орал қаласы әкімі Абат Шыныбеков автобекет ұжымына сәттілік тіледі.

avtovokzal (5)

Салтанатты шара барысында жергілікті танымал әншілер әннен шашу шашты. Жолаушылар арасында «Бақытты билет» ұтыс ойыны ойнатылып, жеңімпаздарға сатып алған билеттерінің ақшасы компания есебінен өтелді.

Құрылтайшы Марат Әбдірахмановтың айтуынша, жаңа автобекет Каспий теңізінің ежелгі атауын иеленген. Іші-сырты жарқыраған ғимараттың ауданы бір мың шаршы метр. Мұнда жолаушыларға барлық жағдай жасалған. Мүгедектер, ана мен бала бөлмелері және жолаушыларға арналған жарық әрі жылы зал бар. Залда дәріхана, жүк сақтау орны, курьер қызметі, билет кассалары, анықтама бөлімі орналасқан. Барлық бағыттағы халықаралық автобус бағыттарына билетті онлайн режимінде сатып алуға болады.

avtovokzal (4)

Жалпы автобекетті қайта құру және дамыту жобасы екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде, яғни биылғы мамыр айынан қазан айына дейінгі уақытта жаңа автобекет ғимараты, ақылы автотұрақ салынып, ғимарат аумағы асфальтталған, абаттандырылған және 400-ден астам ағаш отырғызылған. Екінші кезеңі алдағы жылдың мамыр-қазан айларына жоспарланған. Ол кезеңде жаңа қонақ үй, хостел салынады.

avtovokzal (7)

«Hazar» автобекеттің бастығы Талғат Бисекенов ұсынған мәліметке сүйенсек, автобустар алты халықаралық (Самара, Саратов, Тольятти, Орынбор, Бузулук, Қазан), екі облыс аралық (Атырау, Ақтөбе) бағыт бойынша жүреді. Сондай-ақ облыс ішінде 40 автобус ауыл-аудандар бағытына қатынайды. Автобекет арқылы күніне 900-дей жолаушы діттеген жеріне жетеді. Жалпы автобекетті жаңартуға 150 млн. теңге инвестиция құйылған.

Гүлбаршын Әжігереева

суретке түсірген Мейірбек Тажкуранов

zhaikpress.kz

avtovokzal (14) avtovokzal (1) avtovokzal (12) avtovokzal (11) avtovokzal (13) avtovokzal (6)

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале