Жақында Орал қаласындағы 16 мектепте бір сыныпта 25-тен астам бала оқитыны анықталды. «Nur Otan» партиясының Орал қалалық филиалы ұйымдастырған брифингте облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Ринат Құбатаев санитарлық-экологиялық талапқа қайшы болуына, сынып тығыздығының сақталмауына байланысты мектеп директорларына бұзушылықты жою жөніндегі ұйғарым жолданғанын хабарлады.
– Қазіргі уақытта бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде «Мектеп директорларына айыппұл салына ма?» деген талқылау қызу жүріп жатыр. 2019 жылдың 10 айында 55 қалалық мектептің 38-і ерекше тәртіппен тексеріліп, 16 мектепте сынып тығыздығына байланысты бұзушылық анықталды. Бірақ бірде-бір мектеп директорына әкімшілік айыппұл салынған жоқ. Аталған факті бойынша бұзушылықтарды 6 ай мерзімде жою туралы ұйғарымдар берілді. Берілген нұсқаулардың орындалуын бақылау үшін жоспардан тыс тексеру жүргізіледі. Ең бастысы, білім мекемелерінің басшыларымен санитарлық талаптардың сақталуы мен эпидемиологиялық қатердің алдын алуға қатысты шараларды бірлесе жүргізуді мақсат етіп отырмыз, - деді Ринат Құбатаев.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 16 тамыздағы № 611 бұйрығында сыныптардың толықтырылу мөлшері анық көрсетілген. Білім мекемесі ғимаратының 2,5 шаршы метріне 1 оқушыдан келуі тиіс. Бұйрықтың 70-тармағында бір сыныпта 25 оқушы ғана білім алатыны жөнінде жазылған. Сыныпта оқушы саны нормадан асып кетсе, балалар оқулықтағы тақырыпты толық игере алмайды. Тірек-қимыл жүйесіне зақым келіп, жазу мәнері бұзылады, бала тез шаршап қалады.
Жыл басынан бері облыстағы 292 мектеп тексерілген. Соның 41-інде сыныптардағы балалар саны мөлшерден асып кеткені белгілі болды. Оларға берілген ұйғарым талаптары орындалмайтын болса, заңды тұлғаларға қатысты тексеріс қорытындылары әкімшілік сотқа жолданады. Брифингте «Nur Otan» партиясының Орал қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кенесары Нұршин аталған жайтты партия филиалы бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.
Нұртай Текебаев
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер