Шыңғырлау аудандық музейінде «Тарихты танудың тың бағыттары» тақырыбында әдістемелік-практикалық семинар ұйымдастырылды.
Бұрынғы зерттеу әдістерін бүгінгі технологиямен ұштастырып, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүрген, жалпы облыс аумағында тарихи-танымдық, зерттеу жұмыстары бағытында көп еңбекті еңсере жүрген белгілі тұлғаларды шақырып, шеберлік сағаттары өткізілді. Олардың құрамында көне түркі тілдерін танушы, құлпытастар, ескерткіш-белгілерді зерттеуші, белгілі журналист Қазыбек Құттымұратұлы, «Ғылыми зерттеулерді қолдау қорының» директоры, Ресей өлкетанушылар Одағының мүшесі А.Құрымбаев, «Үркер» өнер және мәдениетті қолдау орталығының директоры Ә.Ғұмаров, шежіреші, өлкетанушы Д.Еншібаев болды.
Аудан мектептерінен қатыстырылған тарихшы мұғалімдер, осы пәнге бейім оқушылармен қатар, көршілес аудандар музейлерінің мамандары қатысқан тағылымды шарада құлпытас жазуларын тану, көне жазулардағы сандардың жазылуы, жалпы эпиграфика мәселелері, өлкетану ісінде жаңа технологиялармен жұмыс жасау, дала экспедициясы жұмыстарын ұйымдастыру тәсілдері, бүгінгі медиа-ақпараттық технологияның жаңа мүмкіндіктері және оларды музей жұмысында қолдану, халықтық болмыс, шежіре жазудың түрлі халықтардағы үрдісі, өз халқымызға тән ерекшеліктер, шежіре жинақтаудың ағылшындық, франциялық әдістері хақында көптеген мәліметтер беріліп, дәріс оқылды.
Семинар соңы қатысушылардың ой-пікірлерін ортаға салып, сертификат табыстаумен түйінделді.
Қаршыға Елемесов
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер