26.11.2019, 18:30
Оқылды: 943

Музейдегі зергерлік бұйымдар таныстырылды

Батыс Қазақстан облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығында «Атадан қалған асыл өнер» атты танымдық іс-шара өткізілді.

zerger-2

Оған ауыл тұрғындары, соның ішінде, көне зергерлік бұйымдарды бүгінгі күнге дейін өз бойларынан тастамай тағып, сақтап жүрген ақ жаулықты әжелер және Жәңгір хан атындағы мектептің оқушылары қатысты. Олардың  назарына "Қазақтың әшекей бұйымдары" атты тақырыптық бейнефильм ұсынылып, қазақы дәстүрдегі зергерлік бұйымдарға қатысты түрлі мәліметтер таныстырылды. Күміс әшекей бұйымдардың түрлері, олардың қасиеті, тағудағы ерекшеліктері мен түрлі ырым-тыйымдар жөнінде баяндалды. Адамның дене мүшесіне тән өзіндік әшекей бұйымдар болса, олардың басым бөлігі бас киімінен бастап, құлақ, мойын, білек-саусақтарға және сырт киімдерге де арнайы тағылып отырған. Жасалу ерекшелігіне сай және сол зергерлік бұйымды тағатын әйел адамның жас ерекшелігіне қарай олар сан түрге бөлінеді. Мысалы: бойжеткен жас қыз-келіншектер құлағына тағатын сырға түрлері - ай, көзді, күмбез сырғалар, салпыншақ сырға, шашақты сырға тағы басқасын тақса, ал апа-әжелер кимешек киетіндіктен сырғаны көп қолданбай, құдағи жүзік сияқты мәртебесін анықтайтын сақина мен білезік түрлерін таққан. Негізінен мойынға тағатын алқа, бойтұмар және өңіржиектерді тек сәндік үшін емес, адамды бәле-жаладан, тіл-көзден сақтайды деген ұғыммен де қолданған. Киімге тағылатын күміс әшекейлер қатарына түйреуіштер, түйме, тана, үзбе, қапсырмалар да жатады. Аталмыш бұйымдар таза күмістен арнайы зергердің қолымен өңделіп соғылады. Осы орайда зергер әшекейлерін дайындау тәсілдері мен музей-қорық қорында сақталған көне ұста-зергерлер қолданған көрік, төс, қысқаш, қашау, егеу, балға және тағы басқа заттар таныстырылды.

Сондай-ақ шара барысында шақырулы қонақтарымыздың бірі Аққоян Мұсағалиева әжеміз қазақтың күміс әшекей бұйымдарын тағу әйел сұлулығын ашу үшін ғана емес, адам денсаулығы мен тән тазалығына да ықпалы зор екендігін әсерлі әңгімелеп берді. Музей қызметкері Гүлжиян Сапарғалиева өзінің анасынан қалған қос күміс білезікті таныстырып, оның ою-өрнегіндегі ерекшеліктерден бөлек ішкі жағындағы араб қаріптерімен ойып жазылған жазуларды көрсетсе, оны әріптесіміз Гүлмару Мырзағалиева "Биғайша" деп оқыды. Ал Гүлжиян апамыз оның нағашы апаларының бірінікі екенін айтты.

Шара соңында "Хан Сарайының" қару-жарақ палатасы" музейінде орналасқан зергерлік бұйымдар залында арнайы тақырыптық экскурсия жүргізіліп, қордан алынған зергерлік жәдігер бұйымдарды жас бойжеткендер ұстап, тағып көріп, алған әсерлерімен бөлісті.

Алихан Каримов,

облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени,

архитектуралық-этнографиялық,

 музей-қорығының бөлім меңгерушісі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале