Бүгін БҚО дін істері басқармасының басшысы Мақсат Раманқұлов ақпараттық-түсіндіру топтарының белсенді мүшелерімен кездесті. Басқарма басшысының айтуынша, экстремизм мен терроризмнің алдын алу және дестурктивті діни ұйымдарымен күрес, тұрғындардың діни сауатын арттыру бағытында облыстық мобильді топпен 1 қалалық және 12 аудандық ақпараттық-түсіндіру тобы қызмет етуде.
– Ақпараттық-түсіндіру топтарына 122 адам енген. Олардың құрамында жергілікті атқарушы құрылымдары мен құқық қорғау саласының қызметкерлері, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің мүшелері, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері, теолог мамандар, жастар бар. Жыл басынан бері АТТ мүшелерінің қатысуымен 123 858 адамды қамтыған 3 287 іс-шара өтті. Дін саласындағы ахуалдың тұрақтылығы мемлекет дамуына оң әсер етеді. Еліміздегі тыныштықтың, қоғамдық қауіпсіздіктің, ұлттық бірліктің сақталуы, діни конфессиялардың татулығы маңызды рөл атқарады. Зайырлы қоғам салтына сай әр адамның діни бостандығы мен наным-сенімі қорғалады, діни ұйымдар заң шеңберінде бақылауда болады. Бұл бағытта ақпараттық-түсіндіру жұмысын тиянақты жүргізу арқылы кешенді іс-шараларды бірлесіп жүзеге асырудамыз, - деді Мақсат Аралбайұлы.
Дін мәселелерін зерттеу орталығы ұйымдастырған шараға қатысқандар ақпараттық-түсіндіру жұмысын ширату жөнінде ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Кездесуде Мақсат Раманқұлов мемлекеттің дін саласындағы саясаты жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Луара Батырғалиеваны, қалалық «Тульбаев Мухаммад Гариф» мешітінің наиб имамы Серік Мұстафинді, БҚО бойынша ҚАЖД РУ-170/1,170/2, 170/3 мекемелерінің реабилитациялық және теологиялық жұмысын ұйымдастыру бойынша инспекторлары Алтынбек Скендиров, Ержан Жұмағожиев пен Айбір Сембайды, Тасқала аудандық «Руханият» деструктивтік діни ағымдардан қорғау және көмек көрсету орталығының төрағасы Тыным Қуанғалиды, «Ақиқат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Руслан Нұрғалиевті, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиевті алғыс хатпен марапаттады.
Нұртай Текебаев
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер