28.11.2019, 19:16
Оқылды: 110

Облыстық II «Ғұмар оқулары» мәреге жетті

Жәнібек аудандық мәдениет үйінде аудан әкімдігінің қолдауы негізінде аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен облыстық II «Ғұмар оқулары» шығармашылық байқауы өтті.

IMG_0089

 Байқау ұлы ойшыл Ғұмар Қараштың туғанына 145 жыл толуына орай, оның шығармашылығын насихаттап, өлеңдерін мәнерлеп оқыту арқылы жеткіншектердің туған жерге, елге деген сүйіспеншілігін арттыруға арналды. Шара Ғұмар Қараштың аудан орталығындағы ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды. Одан кейін жиналғандар аудандық мәдениет үйінің фойесінде ақынның шығармашылығынан сыр шертер «Қараңғылық түнегін түрген шамшырақ» атты кітап көрмесін тамашаланды.

janibek (4)

 Жиында аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов қатысушыларға сәттілік тілесе, аудан тұрғыны, зейнеткер Меңсұлу Жұмақұлова өзінің шығарған өлеңін оқыды. Айта кетелік, Ғұмар Қараш оқуларына Бөкей Ордасы, Қазталов, Жаңақала және Жәнібек аудандарының оқушылары қатысты. Бір өкініштісі, өзге аудандар бұл байқаудан сырт қалды.

janibek (3)

Сонымен шараның бірінші бөлімінде ақынның жиырмаға жуық өлеңі жатқа мәнерлеп оқылса, екінші бөлімде жас ақындар Ғ.Қарашқа арнап шығарған өлеңдерін оқыды. Екі бөлім бөлек-бөлек бағаланып, сайыста 21 оқушы бақ сынады. Әділқазылар алқасының шешімімен мәнерлеп оқудан Арман Нұрмұқан (Жәнібек) бас жүлдені иеленсе, I орынды Нұрлы Сабырғали (Жәнібек), II орынды Жансәуле Меңдібай (Қазталов) мен Ермұқан Ерболат (Жәнібек), III орынды Мерхат Қарадаев (Қазталов) пен Ұлзада Дидарқызы (Бөкей Орда) алды. Жас ақындар бөлімінде бірінші орынға Әлия Өтебалиева (Жаңақала), екінші орынға Айсана Дайырғали (Жәнібек) мен Дастан Ерсай (Жәнібек), үшінші орынға Римма Рысқалиева (Жаңақала) мен Аружан Ахонова (Қазталов) шықты. Сонымен қатар «Жеңіс жігері», «Үкілі үміт», «Көрермен көзайымы», «Жаңа есім», «Ақын жолында» аталымдарымен Гүлназ Амангелді (Жәнібек), Аружан Қуанова (Жаңақала), Сабина Мұстафина (Қазталов), Дильназ Ғалымова (Жәнібек) және Мәдина Махметова (Жәнібек) марапатталды.

Шара соңында облыстан келген меймандарға естелік сыйлықтар табысталды.

Гүлзара Тілекқабылқызы

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале