Апат жөнінде 3 желтоқсан күні сағат 19:35 шамасында Теректі аудандық полиция бөліміне хабар түскен.
"Toyota camry" автокөлігімен келе жатқан Ресей Федерациясының тұрғыны Подстепный-Елек тас жолының 56 шақырымында жолдан өтіп бара жатқан үш жылқыға соқтығысқан. Жылқылар сол жерде мерт болған. Көлік жүргізушісі мен жолаушы дін аман.
Долин ауылдық округінің әкімі Т.Манатауов, аудандық полиция бөлімінің аға мемлекеттік автоинспекторы, полиция аға лейтенанты Е.Жанғалиев, әкімшілік полиция бөлімшесінің инспекторы, полиция аға лейтенанты А.Аблаев, криминалист А.Габдушев, Федоров ауылдық округінің учаскелік полициясы Д.Форманюк оқиға орын алған жерге барып, жағдаймен танысты.
Теректі ауданының әкімі Әділ Жоламанов әр лездеме сайын округ әкімдеріне малдарға жарық шағылыстырғыш ленталар тағу қажеттігін ескертіп отырады. Өкінішке орай, тұрғындар бұл мәселеге немқұрайлы қарауда. Жерлестеріміз бағусыз жүрген малдардың кесірінен адам өміріне қауіп төніп жатырғанын ұғынып, мұқият болса дейміз.
Аягөз Айтқалиева
Теректі ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер