Жұмыстан шыққасын күндегі әдетпен үйге қарай асығыс адымдап бара жатырмын. Мектептің спорт алаңының тұсынан өте бергенде, улап-шулаған балалардың дауысы еріксіз бұрып әкетті. Жеңіл киініп алып доптың артынан қуған ойын баласы күннің кешкіргеніне де, ызғырық желге де пысқырар емес. Араларындағы допты бар екпінімен қуалап, «допты маған бер», «қақпаға қарай», «алға шық, шық алға» деп бір-бірін қамшылап қояды. Бұлардың бәрі дене шынықтыру пәнінде жүрген ауылымыздың балғындары. Орталарында шағын оркестрді басқарған дирижердей ұстаздары Миршат Сапиев.
Миршат Тұрланұлының есімі ауылға ғана емес, Ақжайық ауданына да жақсы мәлім. Еш жалықпай, үнемі ізденіспен қызметтенетін мұғалімнің оқушылардың қызығушылығын арттыру, саламатты өмір салтын қалыптастыруда еңбегі зор. Шығармашыл ұстаздың Кеңсуат мектебінде жұмыс жасап келе жатқанына он шақты жылдың жүзі болды. Осы аралықта Миршаттың шәкірттері түрлі бәсекелерде топ жарып, толайым табыстарға қол жеткізді. Мектеп оқушыларынан құралған команда жастар арасында ұйымдастырылған аудандық шағын футболдан жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Қазан айының соңында мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған футзалдан аудандық сайыста үздіктер қатарынан көрініп, ІІІ орынды жеңіп алды. Ал жас спортшымыз Жанатбек Жақсығали «Үздік ойыншы» аталымына ие болды. Жаңабұлақта ұйымдастырылған дойбы сайысында 6-сынып оқушысы Аружан Төлеуқызы үздік үштіктің қатарына кірді. Мектебінде спортзалы жоқ ауыл балаларының үлкен додаларда алдына жан салмай, жеңісті уыстан шығармауы –талпыныстарының, ұстаздарының еңбегінің арқасы десек, артық айтқанымыз емес.
Күні кеше Тұңғыш Президент күніне орай Жаңабұлақ мектебінде аудан оқушылары арасында асық ату мен «Бес асық» ойынынан өткен сайысқа М.Сапиев Мейрамбек Сатанов пен Асқар Кенжегалиевті, Гүлім Тезекбай мен Ботагөз Сағынды дайындап апарды. 15 мектептің командасы арасындағы бәсеке өте тартысты өткенін атап өту керек. Жасөспірімдердің жеңіске құштарлығы зор екені алғашқы ойындардан-ақ байқалды. Алғашқы қуанышты хабар қыздарымыздың командасынан жетті. Ақтық бәсекеде қыздарымыз М.Әуезов атындағы мектеп командасына ғана есе жіберіп, ІІ орынға табан тірепті. Ұлдарымыз да намысқа тырысып-ақ бақты, соның арқасында ІІІ орынды жеңіп алды. Ботагөзіміз «Бес асықтан» «Үздік ойыншы» дипломымен де марапатталды. Бұл қос жеңіс мектебіміздің мерейін тасытты, ауыл болып қуандық.
Қазір елімізде спорттың дамуына үлкен қолдау бар. Оның айғағы – жер-жерде бой көтерген заманауи спорт алаңдары. Миршат ешқандай спорт алаңынсыз-ақ болашақ спортшылардың легін тәрбиелеп келеді. Дегенмен ауылымызда осындай нысан салынса, шәкірттерінің талабын шыңдаған Миршат сынды ұстаздар бар да оның бір күнде бос тұрмайтыны анық.
Мақсат Балғынбаев
Кеңсуат мектебінің мұғалімі
суретті түсірген Мұстафа Бекей
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер