10.12.2019, 10:17
Оқылды: 11

Ананың бас ауруы – баспана

Тәуелсіздік алғанымызға биыл 28 жыл. Осы жылдар ішінде тәуелсіздік қарлығаштары – желтоқсаншыларды тек жылына бір мәрте, мереке қарсаңында ғана еске алады екенбіз. Сол ызғарлы күні алаңға шыққандадың ішінде жерлесіміз, теректілік София Қажкенова да бар еді...

terekti (1)

Долин округінің алақандай Ақсай ауылынан шыққан София аталмыш оқиғадан бір жыл бұрын Алматыдағы индустрия техникумына оқуға түскен-ді. Алыстан келген студентке жатақханадан орын беріледі. Алаңсыз, баққаны оқу ғана болған София да сол күні халық жиналып жатқанын естіп, құрбыларымен бірге алаңға барады. Сонда жастарды қуған әскерді, аязды күні мұздай су шашқанды өз көзімен көреді. Қазір бәрі кинодағыдай көз алдында... Тек ашық айтқысы келмейді оның. Әйтеуір, әупірімдеп жүріп оқуын тәмамдады-ау! Содан Оралға келіп, мамандығы бойынша қаладағы мебель фабрикасына технолог болып жұмысқа тұрды. Ел қатарлы еңбек етіп, тұрмыс та құрды . Өкінішке орай, 2006 жылы жан жары қайтып, үш баламен жесір қалды. Одан кейін София Дәулетқызы елін сағалап, Теректіге қайтып оралды. Қолы жеткені – қос қабатты үйден пәтер алды. Содан бері балаларын жеткіземін деп бір күн тыным таппаған. Салтанатын дәрігерлікке оқытты. Газ шаруашылығында жасайтын Сәкенін қазір ауыл таниды. Саяты да жұмыста. Бәрі де жақсы-ау...

terekti (2)

Тек өткен ғасырдың 50-жылдары салынған үйдің екінші қабаты әбден тозып тұр. Шатыры сынып, төбесінен су аққаны өз алдына, қабырғасы жарық-жарық.

terekti (3)

 2016 жылы «Тәуелсіздікке 25 жыл» мерекелік медалін иеленген Софияның қазіргі бас ауруы – баспана. Осыны жергілікті атқамінерлер ескерсе, ана алғысын арқалар еді. София Дәулетқызының өзі қайта-қайта табалдырық тоздырып, әкім есігін қаға бермейтін  жан. Ал біз тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары саналатын осынау желтоқсаншыларға лайықты құрмет көрсете алып жүрміз бе?

Камелия Өтеу

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале