10.12.2019, 11:54
Оқылды: 96

Жетістігіміз Тәуелсіздіктің жемісі

Тәуелсіздіктің төл құрдастары биыл 28 жаста. Егемен елмен бірге өсіп келе жатқан олардың мақсаты айқын, ойы азат. Керісінше болуы мүмкін де емес. Өйткені 1991 жылы туған ел азаматтары бодандықтан бостандыққа аяқ басқан шақта өмірге келді. Ал бүгінде олар жалындаған жастық шақтан, бір отбасының тірегі болар ана мен әкеге айналды.

janibek raiymbek

Тәуелсіздік алған жылы өмірге келген жерлестеріміздің бірі – Райымбек Каримов. Асылбек пен Зәлияның жеті баладан кейінгі сүт кенжесі кішкентайынан ән айтады. Ес білгелі халық әндерін тыңдап өседі. Жәнібектік өнерсүйер қауым сонау жетпісінші жылдары Ақоба ауылынан шыққан Кәрімовтер отбасын жақсы біледі. Осы ансамбльдің мүшесі болған әкесі Асылбек ритм гитарада ойнаған. Кейін бұл құрамға Райымбектің әпкелері де қосылады. Райымбек 1998 жылы Х.Халиуллин атындағы мектептің табалдырығын аттайды. Мектеп қабырғасында жүріп мерекелік шараларға белсене қатысқан өнерлі оқушы мектеп сахнасынан түспейді. Оныншы сыныпты аяқтаған соң, педагогикалық колледждің «музыкалық білім» мамандығына оқуға түседі. Кейін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы негізінде  2012 жылы туған топырағына қызмет етуге оралады. Аудан мәдениетінің дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген ол, түрлі байқауларда бақ сынады. Атап айтсақ, композитор Донеділ Қажымов әндерін орындаушылардың ІІ республикалық «Ақжайық – ару мекенім» ән фестивалінде, 2018 жылы республикалық «Шалқар толқыны», І халықаралық «Қасқалдақ Көктем», әнші-композитор Жаскелең Ғайсағалиев әндерін орындаушылар арасында аймақтық «Ән – махаббат»  эстрадалық байқауында, КСРО-ның озат мәдени қызметкері Ғ.Қибашевтің әндерін орындаушылардың ІV аймақтық, жақында өткен «Дала дарындары»  байқауында әртүрлі дәрежедегі жүлделі орындарға ие болды. Жуырда Қазталов ауданында өткен аймақтық «Туған жер әуені» конкурсында «Үздік вокалист» атанса, телевизиялық «Жайық жұлдызы» конкурсында үшінші орыннан көрініп, аудан мерейін өсірді. Әке жолын жалғастыруды көздеген ағайынды Кәрімовтердің балалары бүгінде ансамбльдің жандануы үшін бар күш-жігерін салуда. Бұған куә Орал қаласында ансамбльдер арасында өткен «Өнер шамшырағы» атты облыстық байқауда Кәрімовтер ансамблінің өрісті өнер көрсетіп, үшінші орыннан көрінуі.

 Райымбек 2013 жылы шаңырақ көтерді. Жан жары Тоғжан да тәуелсіздіктің  құрдасы, мемлекеттік қызметкер. Жас отбасы Медина есімді қыздарын тәрбиелеуде.

«Еліміздің тәуелсіздігімен барлығы да мақтануы керек деп ойлаймын. Осындай жетістікке жетіп жатқанымыздың барлығы да тәуелсіздіктің арқасы», - дейді егемен елдің ұрпағы, тәуелсіздіктің құрдасы Райымбек.

Әсемгүл Әбділдақызы

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале