Тоқсан жылдық тарихы бар Шағатай ауылының мәдени өмірінің шырайы – ауылдық мәдениет үйі. Онда 30 мыңға тарта кітап жинақталған керемет кітапхана бар. Екеуінің де басшысы – жаны нәзік, өз ісіне мұқият жандар.
Таңнан кешке дейін есігіне тыным жоқ мәдениет үйінің директоры Жансекен Әубәкірова. Ұжымда шығармашылықпен үш адам айналысады. Осыдан 30 жыл бұрын Шағатайға келін болып түскен Жансекен Сабырқызын ауылдастары Жанна деп атап кеткен. Отағасы, келін-баласы, балдан тәтті немерелері бар сүттей ұйыған шаңырақтың шамшырағы ол. Балашағаның қамына қоса, қызметіне де асқан жауапкершілікпен қарайды. Бастама көтеріп, шара ұйымдастырғаннан бастап, кеш біткен соң ең соңғы көрермен тарағанша мәдениет үйінде жүреді. Ретро кештер өткізеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс орталығынан келген өнерпаздармен бірге іргелес Қызылжар ауылына барып, тұрғындарға рухани кеш сыйлады. Ұжым қызметкері Әсел Әбілқасымова да уақытпен санаспайтын жан. Ауылдағы жасөспірім қыздарды жинап, би үйірмесін жүргізеді. «Сәулем-ай» вокал тобы, әжелер ансамблі бар. Ауыл азаматы Бауыржан Нысанбаевтың демеушілігімен ансамбль мүшесі Уәзира Жаманқұлова әжелерге қазақы көйлек-камзол тігіп берді.
Шағатайдың 90 жылдығына арналған мерекелік шарада қаздай тізілген ақ кимешекті әжелер тойдың сәні болды. Жанна Сабырқызының өзі жетекшілік ететін «Ақ тілек» ансамблінің құрамында Майра Қайырғалиева, Үміт Ишанғалиева, Гүлсара Акрымова, Қалампыр Қамешова, Орынай Аймурзина, Жеміс Айбекова, Сақыпжамал Мүтиева, Светлана Қайырова, Әсел Абулхасимова, Айнаш Сисенғалиева есімді аналар бар. Тоқсан жылдыққа арналған мерейтой ауыл тұрғындарының бірлігін көрсетіп, ынтымағын паш етті. Кітапхана меңгерушісі Мәншүк Молдашева мен кітапханашы Фариза Төлегенованың да еңбегі шаш етектен.
Ауылдағы қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысқаны үшін Мәншүк Жолдығалиқызы аудан әкімі Әділ Жоламановтың қолынан алғысхат алды.
Осыдан бірер ай бұрын ауылдағы мәдениет үйі мен кітапхана ұжымы тағы бір сауапты іске ұйытқы болды. Мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарияларға дастарқан жайып, басқосу ұйымдастырды. Ауылдағы жүріс-тұрысы шектелген еңбек ардагерлері Әділгерей Оңғалиев пен Владимир Клюстің үйіне арнайы барып, өнер ұжымы домбыра тартып, ән шырқады. «Zhas Project» жобасының грант иегері шағын кондитер цехын ашқан Айымгүл Батырованың ұжымы ардагерлерге тәтті күлшелер үлестірді.
Айта берсең, Шағатайда мерекелік думан, тағылымды шара, әсерлі кештер жиі өтеді. Осындай игілікті істердің басы-қасында ауылдастары үшін еңбек етіп Жансекен Әубәкірова мен Мәншүк Молдашева бастаған мәдениет саласының мақтаулы мамандары жүреді.
Камелия Өтеу
Теректі ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер