19.12.2019, 14:32
Оқылды: 77

Қыздар клубы ашылды

Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында Бөрлі ауданында екі жылдан бері «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы іске асып келеді.

ruhani jahgyru

Жоба халқымыздың кенже қалған әдет-ғұрпын жаңғыртуға үлес қосуда. Жобаға 15 жылдық тарихы бар «Ақ жаулықты әжелер» халықтық ансамблінің жұмысы негізге алынып, Ақсай қаласы мен барлық ауылдық округтерінде әжелер, келіндер, қыздар клубтары ашылуда. Жуырда кезекті қыздар клубы Пугачев ауылында ашылды. Шаңырақ сәулесі, қыз бала тәрбиесіне қазақ халқы ерекше мән берген. Бүгінде сол дәстүрдің жалғасын «Үкілі ару» бойжеткендер клубы жалғастыруда. Клуб мүшелері қылықты қыздар өз өнерлерін дамытып, түрлі байқауларға қатысып келеді. Былтыр ғана құрылған клуб «Ақ босаға» келіндер клубының жанынан ашылған болатын. Бұл да жеңге мен қайын сіңлінің арасындағы  өзара сыйластық, бір-біріне деген сүйіспеншілікті нығайтуды көздейді. Жақсы іс жалғасын тауып, бүгінде ауданның 8 ауылында келіндер, бес ауылда қыздар клубы ашылды.

Қазақ қызының бойындағы ұлттық дәстүрімізге сай әдептілік, инабаттылық, кішіпейілділік, яғни ұлттық қасиеттерді таныта білу – «Қызғалдақ» клубының мақсаты. Келер жылы келіндер және қыздар клубы барлық ауылдық округтерде ашылады. Өйткені ұрпақтар сабақтастығы жобасының міндеті – жанұядағы ата-ене, келін, қайын сіңлі арасындағы қарым-қатынасты нығайту. Ұлттық салт-дәстүрімізге байланысты отбасының ұйытқысы, келінге немесе болашақ анаға деген сыйластықты ояту, ананың өмірдегі маңыздылығын ұғындыру.

Айым Нұрғалиева

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале