Бөрлі ауданының Ақсай қаласындағы "Қарашығанақ" спорт кешенінде, спорттық шеберліктерін шыңдап, облыстық спартакиадаға аудан құрама командасын іріктек және мемлекеттік мекемелердің қызметкерлер арасында бұқаралық спортты насихаттау мақсатында мемлекеттік қызметкерлер арасында аудандық спартакиада басталды.
Жарыс бағдарламасына сәйкес қатысушылар бірінші кезеңде волейбол, үстел теннисі және асық ойынынан (бес табан, бес асық) бақ сынады. Аталмыш додаға «Барыс» (аудан әкімінің аппараты және Ақсай қаласының әкімінің аппараты), «Бөрлі арландары» (коммуналдық блок), «Алтын Орда» (әлеуметтік блок),«Қыран» (ауылшаруашылық блок және мәслихат), «Айбын» командасы (Бөрлі, Пугачев, Қанай, Қарақұдық ауылдық округтері), «Солтүстік» (Приурал, Успен, Жарсуат, Бумакөл ауылдық округтері), «Оңтүстік» (Кеңтүбек, Ақбұлақ, Қарағанды, Ақсу, Александров ауылдық округтері) командалары қатысып, мықтыларды анықтады.
-Спорт мықты денсаулықтың кепілі екені баршамызға аян. Бүгінгі шара алдымен салауатты өмір салтын сақтауға бағытталған болса, екіншіден жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Өйткені үнемі қимылдап, шыныққан жанның ойлау қабілеті де дамиды. Күнделікті жұмысбастылықты жиып, бүгінгі сайысқа білек сыбана келген баршаға сәттілік тілеймін,- деді жарыстың ашылуында Бөрлі ауданының әкімі Миржан Сатқанов.
Жарыс қорытындысында волейболдан «Алтын Орда» командасына тең келер команда болған жоқ. «Айбын» екінші, «Бөрлі арландары» үшінші сатыға тұрақтады. Үстел тенисінен «Солтүстік» командасы алға шықты. «Айбын» командасы екінші орынға қол жеткізсе, «Қыран» үшінші орынды қанағат тұтты. Асық ойынында (бес табан, бес асық) «Оңтүстік» бірінші орны алса, «Бөрлі арландары» мен «Алтын Орда» командалары екі мен үшінші орынды қанжығалады.
Мемлекеттік қызметкерлер арасындағы сайыс ақпан айының соңына дейін жалғаспақ.
Жанаргүл Байғанатова
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер