24.12.2019, 15:41
Оқылды: 28

Мәуліт - рухани жаңғыру айы

Теректі аудандық мәдениет үйінде «Бірлік» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Мәуліт мерекесі аталып өтілді.

terekti maulit (2)

Өмірі өнегеге толы Алла елшісінің (с.ғ.с) туған күніне орай ұйымдастырылған шарада теректілік тұрғындарды аудан әкімі Әділ Жоламановтың атынан ішкі саясат бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметов және БҚО орталық мешітінің наиб имамы Ерденбек Ихсанов құттықтады.

- Күллі мұсылман қауымы адамзаттың абзалы болған пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған айы – мәуліт мерекесін тәлім мен тәрбиеге толы рухани басқосу ретінде  атап өтуде. Мешіттерімізде Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға салауат айтылып, тәуелсіз еліміздің рухани тұтастығы мен халықтар бірлігі үшін дұға жасалуда. Әр жерде сауапты да, салауатты іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мәуліт арабша «туылу», «туылған уақыты» деген мағынаны білдіреді. Қиямет күнгі шапағатшымыз, ұлы ұстазымыз, жолбасшымыз Пайғамбардың (с.ғ.с.) туған күнін атап өту – құптарлық жақсы амал. Шарапаты мол мәуліт мерекесі біздің халқымызға да құтты болсын! Осынау айтулы мейрамның аясында Алла Елшісін (с.ғ.с.) көбірек танып, өсиеттерін тереңірек түсінуді  нәсіп етсін. Осы мереке адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылықтың, бауырмалдықтың арта түсуіне бір сеп болғай, - деді Ерденбек Жанұзақұлы.

terekti maulit (3)

Рухани кештің шымылдығын Покатилов ауылдық мешітінің имамы Арман Мақсотов Құран оқып ашты.Аудандық мәдениет үйінің жез таңдай әншілері Таңат Жексенбаев, Айбек Дәулетқалиев, Дәурен Жұмағалиев «Адамның бір қызығы бала деген», «Өмір-ай», «Өлшеулі өмір» атты әндерді әуелетті. Пайғамбарымыздың көркем мінезін бейнелейтін «Пайғамбарға махаббат» тақырыбында қойылған  көрініс те сәтті шықты.

Кеш соңында аудандық мешіттің бас имамы Еркінбек Ебелекқажиев алтын уақыттарын бөліп келген теректіліктерге алғысын айтып, шарада белсенділік танытқан Покатилов жалпы орта білім беретін мектебінің шәкірттеріне естелік сыйлықтар табыстады. Ал, Подстепный ауылының тұрғыны Тілеген қажы Какимова әжей шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, аналық тілегін  жеткізді.

Аягөз Айтқалиева

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале