27.12.2019, 13:23
Оқылды: 46

Біздің Асылай Францияда білім алып жүр

Бұрын шет ел асып, білім қуған жерлестеріміз саусақпен санарлықтай еді. Бүгінде білім-ғылымды өзге елдің іс-тәжірибесімен толықтыра отырып, біліктіліктерін шыңдап жүргендері қаншама?! Солардың бірі - өзіміздің Ақшат ауылынан түлеп ұшып, қазіргі таңда Францияда білім алып жүрген Асылай Қалдыбаева.

IMG-20191224-WA0040

Асылай шет жерде жүрсе де, туған топырағы Ақшатты әсте жадынан шығарған емес. Әңгіме арасында ол  ауылымның табиғатына, өзен-суына, тіпті, ірімшігіне француздардың кереметтері  жетпейді деп жымияды. Білімді бойжеткен Тихоненко атындағы мектептің түлегі. Кезінде иісі бұрқыраған алма бағымен жұртты таң қалдырған Лубен аталатын ауылда өскен қыз кішкене кезінен әкесіне еліктеп, қолына қалам алып, түнімен өлең шығаратын. Мерекелік концерттер де ән де салатын.

Кейін мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің химия және химиялық технология факультетін бітірді. Университет қабырғасында жүріп, «ГОЕ-Энергетика»бағдарламасы бойынша жоғары математика және логикадан тест тапсырады. Ол кезде диплом алып, мәре-сәре болып жүргендіктен, тапсырған тестке соншалықты мән бермеді. Бірнеше күннен кейін екінші турға өткендігі туралы хабар келіп, франциялық профессормен ағылшын тілінде сұхбат жүреді. Скайп арқылы өткен ол сұхбатта университетте оқыған білімі, тәжірибелері, болашақтағы жоспарлары туралы тәтпіштей сұралады. Асылай бұл кезде Қазақ ұлттық университетіндегі магистратураға «Мұнайхимия» мамандығы бойынша оқуға түскен-ді. Бір күні «ГЕО-Энергетиканың» Қазақстандағы жетекшісі хабарласып, Францияның Нанси қаласындағы Лотарингия университетінің студенті болған қуанышты хабарды жеткізеді. Алайда, «Гео-Энергетиканың» шарттары бойынша магистратураның алғашқы курсын Қазақ ұлттық университетінде механика және математика факультетінде оқуы тиіс екен. Содан соң Франциядан профессорлар келіп, лекция оқитындығы, ең соңында сол сабақтардан емтихан тапсырып, қажетті баллды жинаса ғана Францияға оқуға түсетіндігі түсіндіріледі. Асылай ол күнге де жетіп, Француз профессорының сынағынан сүрінбей өтеді. Десек те, бастапқы кезде профессордың тілінде француздық акцент болғандықтан, Асылайға ағылшын тіліндегі сабақтар тым түсініксіз болыпты.  Осылайша магистратураның алғашқы курсын 2019 жылы аяқтап, «ГЕО-Энергетикадан»  жеткілікті бал да жинайды. Артынан шет елге оқуға шақырту келеді. Өзі сеніңкіремей, біраз жүреді. Енді Асылай «Абай-Верн» стипендиясына құжат тапсырып, жауабын күтеді. Содан тек тамыз айының басында ғана стипендияға қолы жеткенін біліп, виза жасатып, жолға әзірлене бастайды.

Міне, бүгінде Асылай Кәкімқызы Францияда білім алып жүр. Қазақстаннан оқитын жерлестерінің көптігі сондай, кейде өз елінде жүргендей күй кешетіні бар. Ағылшын тілін жақсы білгенімен, бұл елде көбіне француз тілі қолданыста екен. Өз тілдерін мақтан тұтып, қадірлейтін елдің бірі болғандықтан, олардың жері, тілі, халқының мәдениетіне бұлар баяғыда үйренісіп кеткен.

 - Әсем қалалары мен жалпы географиялық орналасуы керемет елдің жан-жақты дамығанын байқайсың. Ертеңін де ұмытпаған ел өздерінің мәдениеті мен тарихын қатты қастерлейді. Олардың қала көшелерінен әсем парфюмның, тәтті тоқаштардың және сары ірімшіктің иісі шығып тұрады, - дейді Асылай сөз арасында.

Тағы бір байқағаны, ауылдан алыстаған сайын елге,туған жерге деген сағынышы күшейе түсетіндей. «Себебі, кіндік қаның тамған жер ең бір қымбат, ең асыл қазынаң іспеттес. Мен түс көрген сайын ауылымды көремін», - дейді Францияда жүрген қазақ қызы, біздің Асылай!!!

Айсұлу Арыстанова

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagr am-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале