Өткен жылдың соңында білім саласы бойынша ең маңызды екі құжат «Педагог мәртебесі туралы» заң және Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы қабылданғандығы белгілі.
Осыған орай Бөрлі ауданында білім саласындағы мәселелер жөнінде облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаевтың төрағалығымен кеңес отырысы өтті.
Оған Орал қаласы мен барлық аудан әкімдерінің орынбасарлары мен білім бөлімдерінің басшылары қатысты.
Ауданға келген меймандар алдымен, Қанай мектеп-балабақша кешені, Бөрлі №1, Григоревка, Ақсай қалалық №6 және Кеңтүбек ауылындағы "Жұлдыз", Ақсай қалалық №3 "Гүлдер", №5 "Ертегі" бөбекжайларымен және Бөрлі спорт кешенінің жұмысымен танысты.
Алдымен Қанай ауылына ат басын бұрған меймандар жалпы 108 балаға беріліп жатқан білім мен тәрбиенің жағдайын көрді. 2013жылы күрделі жөндеуден өткен кешендегі барлық сынып интерактивті тақтамен жабдықталған. Ал Бөрлі ауылындағы №1 мектепте 256 бала білім алуда. Мектеп заман талабына сай жабдықталған. Қонақтарды әсіресе "Алтын ұрпақ" жобасы бойынша қолға алынған "Асық ату" мен роботатехника үйірмелері қызықтырды.
Бөрлі ауылындағы денешынықтыру кешені де назардан тыс қалмады. Мұнда ауылдың жастары, әсіресе мектеп оқушылары мен колледж студенттері үшін тұрақты түрде үйірмелер өтіп тұрады. Кешенге тек Бөрлі ауылының тұрғындары емес, көршілес Қанай, Бумакөл ауылының жастары да келіп спортпен шұғылданады. Ауданға келген басшылар Кеңтүбек ауылына да барды.
Бұл шағын мектеп, аудан орталығынан он бес шақырым жерде орналасқан. Мұнда ұлттық спортты жанына серік еткен шәкірт көп. Білім ордасында қол күресі, тоғызқұмалақ пен қазақша күрестен республика, Азия чемпионаттарында топжарған шәкірттер бар. Алдымен мектеп тынысымен танысқан меймандар білім ордасының музейін де тамашалады.
Екі жыл бұрын Кеңтүбек ауылында бой көтерген елу орындық «Жұлдыз» бөбекжайы да меймандардың назарынан тыс қалмады. Нысан заманауи құрал жабдықтармен толық қамтылған. Мұнда балдырғандардың мектепке дейінгі білім мен тәрбие алуына барлық жағдай жасалып отыр. Бөрлі аудандық білім беру бөлімінің басшысы Орынбасар Төлемісовтың айтуынша, кеңтүбектіктерге 50 орындық балабақша тарлық етіп отыр. Яғни ата-аналар балабақшаны үлкейтуді, әлде жаңа балабақша салуды сұрап отырғандығын айтады.
Қонақтар биылғы оқу жылында мектеп-лицей атанған №6 мектептің тыныс-тіршілігімен де танысты. математика және жаратылыстану бағытында ашылған лицейде барлығы 26 сынып бар. Оның 18-і қазақ тілді сынып болса, қалғаны орыс тілді.
Облыс бойынша 12 апатты, 8 үш ауысымды мектеп бар. Үш ауысымды мектептің төртеуі Орал қаласындағы Зачаган ауданында орналасқан. Кеңесте осы мәселе көтеріліп, аталған шағын ауданға мектеп салу қажеттілігі туындап отырғандығы айтылды.
Апатты жағдайдағы мектептердің алды 1935 жылы пайдалануға берілген. Қажетті күрделі жөндеу жұмысы да уақытында жүргізілмеген. 2019 жылы ағымдағы жөндеу жұмысы үшін Жаңақала мен Бәйтерек аудандарында мүлдем қаржы бөлінбеген. Бүгінде республикалық бюджет есебінен 4 мектептің, жергілікті бюджеттен 1 мектептің құрылысы жүруде.
Жиында көтерілген өзекті мәселе оқушылардың қауіпсіздігі. Атап айтсақ, мектеп әжетханаларының мектеп ішінде болуы, бейне бақылау мен турникеттің орнатылуы.
Облыстағы 379 күндізгі мектептің 249-ы типтік ғимаратта орналасқан. 179 мектептің ішіне әжетхана қажет. Оның тек 92-де қарастырылған орын бар. Ал 114 мектепте кәріз жүйесі мүлдем қарастырылмаған. Өңірдегі 116 балабақшада ғана бейнебақылау камерасы орнатылған.
Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Айымгүл Тржанова әкім орынбасарларына жоғарыда айтылған мәселелерді шешіп, жүзеге асуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Басқосуда кеңжолақты интернет желісі мен облыс мектептерінің компьютерлік техникамен жабдықталуы туралы да айтылды. Өңір мектептерінде 15 977 компьютер болса, 7 864 компьютер ескірген. Ауыстыруды қажет етеді. Жаңартылған бағдарлама сәйкес оқыту процесінде сандық білім беру ресурстарын және қажетті заманауи бағдарламаларды пайдалану үшін ескірген компьютерлердің техникалық сипаттамасы сәйкес келмейді.
Кеңесте пәндік олимпиададағы көрсеткіштер туралы да баяндалды.
– Жалпы білім беретін және мамандандырылған мектеп оқушыларынан бір немесе бірнеше пәндік білім бағытында жоғары сапалы білім көрсетуін талап етеді. Күні кеше олимпиаданың облыстық кезеңі аяқталды. Олимпиада қорытындысында негізінен облыс орталығындағы мектептердің оқушылары жеңімпаз атанады. Ал соңғы екі жылда Жәнібек ауданынан бір-бірде бір оқушы жеңімпаз атанбаса, биыл Казталов ауданынан жүлдегер шықпады. Сондықтан білім беру бөлімдері олимпиада қорытындыларына терең талдау жасап, қатысушылардың тиісті нәтиже көрсетуі үшін жұмыстануы қажет, - деді Айымгүл Мақсотқызы.
Жиында еліміздегі білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мен «Педагог статусы туралы» қабылданған жаңа заңы да түсіндірілді.
Айым Нұрғалиева
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер