17.01.2020, 18:35
Оқылды: 29

Қыз жасауына атыраулықтар да тапсырыс беруде

«Төсек орын жасауға кететін қой жүні тегін». Біздің кейіпкеріміз, Ақжайық ауданына қарасты Жаңабұлақ ауылының тұрғыны Сәуле Тауқалақова осылай деді. 

korpe

Жастайынан қазақы тәрбиемен өскен кейіпкеріміз жүн жуып, оны пайдаға жаратуды ерте көңілге тоқыған. Бірақ анасынан үйренген бұл іс өзінің өмірлік кәсібіне айналатынын білмеген. Мектептен кейін трактор руліне де отырыпты. Сол кездегі «Алтын арай» тракторшылар бригадасында еңбек еткен арудың бойындағы қайсарлық бала кезден бар қасиет екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Кейіннен жолдасы Серік мал бағып, өзі сауыншы болған көрінеді.

Бертінде заман ағымы өзгерген кезде ол үйде қарап отырмай, тапсырыспен көрші-көлемнің жүнін жуып, арғы-бергі ағайынның көрпесін көктеп, әйтеуір, алға ұмтылудың амалын жасап бағады. Біртіндеп көрпе-жастық жасауға тапсырыс берушілер қатары көбейіп, жұмысы да ілгерілей бастайды. Ел экономикасының етек-жеңі жиналып, шағын әрі орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған түрлі бағдарламалар бой көтере бастаған кезде, еңбекқор жан да қарап қалмады. «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы арқылы жылдық үстемақысы 6 пайызды құрайтын 5 млн. теңге несие алады. Осылайша көрпе жасауды қолға алған Сәуле бірер жылда елеулі жетістікке қол жеткізді.

-Несие қолға тиісімен Алматы қаласынан 750 мың теңгеге жүн түтетін машина мен төсек орын жасауға керекті материалдар алдырып, жұмысымды бастадым. Қалған қаржыға мал да алдым. Бүгінде қой екі жүзге жетсе, жиырмадан астам ірі қара бар. Мұның барлығы табанақы, маңдай терден құрылған ақадал дүние.

Ал негізгі кәсібіме келсем, қазақы үлгідегі көрпе-жастыққа тапсырыс берушілердің қатары жыл санап артып келеді. Өзіміздің ауыл мен аудан көлемін айтпағанда, Орал қаласы мен көршілес Атырау облысынан тапсырыс беретіндер бар. Көптің тілегіне сай тапсырысты уақтылы бітіруге тырысамыз. Әлгінде айтқан, жүн түту машинасы 1 сағатта 20 келі жүнді түтеді. Бұл дегенің алты көрпе жасауға жеткілікті шикізат деген сөз, - дейді ісмер жан бізбен әңгімесінде.

 Айта кетелік, несиенің бірінші төлемін, яғни, 1 млн. теңгесін алты айдан соң қайтарса, биыл мамырда толық есептеспек көрінеді. Тіпті, қосымша қаражат жинап, Жаңа жыл қарсаңында жаңа дүкен де ашыпты.

Рауан Сатыбалдиев

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале