Шаруашылық құрылымдарының мемлекеттік қолдау шараларына ие болуы округтердегі ауыл шаруашылық техникаларының жаңарып, көбеюіне себеп болуда.
-Мысалы, бір ғана Сырым ауданының Жосалы ауылдық округінің шаруалары 2019 жылы 4 МТЗ тракторын, 3 дана шөп шапқыш, 2 дана шөп үйгіш, 1 дана шөп тайлағыш, 2 дана шөп жинағыш, 40 млн. 770 мың теңгеге барлығы 12 техника сатып алды, - деген ақпарат берді Жосалы ауылдық округінің әкімі Қобыланды Ғабдешов.
Жалпы бағдарлағанда, жосалылықтардың еңбекке құлшынысы жаман емес. Жеке кәсіпкер болып тіркелген 19 азамат мал шаруашылығымен айналысса, 3 азамат қайтарымсыз грантқа ие болып, қой өсіру, құс өсіру, көлік дөңгелектерін жөндеу сияқты кәсіптерге кірісіпті.
Есептік баяндамаға қатысты сөйлеген жосалылықтар қоқыс полигонын ретке келтіру, қабылдайтын орынның жоқ болуына байланысты мал терісінің ысырап болуы сияқты мәселелерді айтты. Тұрғындардың ауылдағы медициналық қызметтің де сапасына қатысты сын айтты.
Жедел жәрдем уақтылы келмейді екен. Жосалы дәрігерлік амбулаторияның өзінің мәселесі бар. Жылыту қазандығын жаңарту керек, Жедел жәрдем көлігі ескірген. Ауыл ақсақалы Асан Жүсіпов аудан әкімі Төлеген Төреғалиевтен А.Жұмағалиев атындағы Жосалы мектебін күрделі жөндеуді кейінге қалдырмауды, мектептен ІТ сынып ашуды сұрады. Аудандық мәслихаттың хатшысы, округтен сайланған депутат Шынар Дүйсенғалиева ауылдастары көтерген мәселелердің маңыздылығын атап өтті.
Жиынды Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қорытындылады.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер