Теректі ауданында аудандық қоғамдық кеңестің ІV отырысы өтті.
Қоғамдық кеңес төрағасы Талғат Тапалов күн тәртібімен таныстырғаннан кейін, аудан әкімі Ә.Жоламанов пен мәслихат хатшысы Ә.Нұрғалиевтің есебі тыңдалды. Былтыр қоғамдық кеңестің 9 отырысы өткен. Кеңес мүшесі Е.Бекетов аудан орталығын абаттандыру, халықты баспанамен қамту секілді жұмыстардың қарқын алғанын атап өтіп, аудан әкімі мен мәслихат хатшысының есебіне оң баға берілді.
Жасыратыны жоқ, кейбір өзекті мәселелер де қалыс қалмады. Соның ішінде, мал ұрлығының көбеюі, сарып ауруының белең алуы, АШК-ға жан бітіру, балабақша қажеттілігі баса айтылды. Әрі аудандық "Теректі жаңалығы-Теректинская новь" қоғамдық-саяси газетінің №2 санында жарияланған "Жексенбіде слесарь шақырмаңыз" атты мақала (авторы А.Айтқалиева) кеңес мүшелерінің қызу талқысына түсті. Теректіліктер аудандағы газ шаруашылығы мекемесінің жұмысына көңілдері толмайтынын ашық аңғартты. Тіпті, мақала жазылған соң шағым айтушылардың саны екі есеге артқан. Түптеп келгенде, бұл мәселе аудан орталығында ғана емес, барлық дерлік ауылда өзекті боп тұрған сыңайлы. Кеңес мүшелерінің сауалына жиынға қатысқан "КазТрансГазАймақ" АҚ Теректі аудандық газ шаруашылығы филиалының директоры Бекзат Бултихов та мардымды жауап бере алмады. Ал аудан айнасы аталмыш мәселе оң шешімін тапқанша назарда ұстайды.
Әділет Орынбасаров
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер