Теректі аудандық "Теректі жаңалығы" газетінің уатсап желісі тіркелген нөміріне хат келіп түсті.
Онда Ақжайық ауылдық кітапхана ғимаратының жайы баяндалып, сурет һәм видеосымен нақтыланған. Ауылдық әкімдіктің бірінші қабатында орналасқан кітапхананың төбесі шұрық тесік, еріген қардың суы еденге жайылуда. Халық бұл рухани орын жергілікті биліктің назарынан неге қалыс қалып отырғанын сұрайды. Біз де осы сауалға жауап іздеп, Теректі аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спор бөлімінің басшысы Лунара Сердалиеваға хат жолдаған едік. Төмендегідей жауап алдық.
- Бұл мәселеден хабарым бар. Ғимарат "Ақжайық ауылдық округі әкімінің аппараты" ММ теңгерімінде. Келіссөздер жүргізіп, жөндеп беруін сұрап отырмыз. Олар сессиядан қаражат бөлу жөнінде бюджеттік өтінімді дайындап, ауданға жолдайтыны туралы хабарлады,-депті Лунара Ганибалқызы өз хатында.
Ақжайық ауылдық округі әкімі Болат Қадралиевпен де телефон арқылы тілдестік. Әкім бөлім басшысының айтқанын сөзбе-сөз қайталады. Аталмыш мәселенің шешімін табу-таппасы уақыттың еншісінде енді.
Әділет Орынбасаров
Теректі ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер