«Дипломмен ауылға» бағдарламасымен 2019 жылы республика бойынша 4 мыңға жуық маманға үй алу үшін несие берілген. Бөрлі ауданындағы жағдайды білмек ниетпен аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлнара Шамғоноваға жолыққан едік.
- Бөрлі ауданында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы 2009 жылдан бері жүзеге асырылуда. Былтыр Бөрлі ауданы бойынша 61 маманға көтерме жәрдемақы және 52 маманға үй сатып алуға несие берілді. Әлеуметтік сала мамандары дегенді талдай кетсек, оған білім беру, мәдениет, спорт, денсаулық, әлеуметтік және ветеринария саласы мамандары жатады. Өмір болған соң, түрлі заңдар мен бағдарламаларға өзгерістер енгізіліп тұратыны көпке мәлім. Мәселен, 2019 жылы көтерме жәрдемақы көлемі 70-тен 100 айлық көрсеткішке өсті, - деді Г.Шамғонова.
Айта кетелік, 2019 жылы жұмысқа орналасқан 52 маманның 38-і білім беру, 2-уі денсаулық сақтау, 6-уы мәдениет, 1-уі спорт саласына, ал 5-уі ветеринарлық қызметке жіберілген. Мәселен, аталмыш бағдарлама аясында Киров ауылынан үй сатып алған дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Мерей Махамбетов, алғашында Березовкадан үй сатып алып, қазір Бөрліге мектеп директоры болып ауысқан Индира Сүгірбаева, Бумакөл ауылына жас маман ретінде барып, сонда тұрақтап қалған Нарымбек Каймулдинов және 2016 жылы Бөрлі ауылынан үй алған дәрігер Алина Кадралиева өздерін тек жақсы жағынан танытып жүрген жастар көрінеді.
Дариға Нұрашова
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер