Былтыр Ақжайық ауданында 61,7 млн. теңгеге 27 кәсіпкерлік нысан іске қосылып, 34 жаңа жұмыс орны ашылған.
-Ауданда кәсіпкерлік саласын ілгерілетуге инвестиция тарту үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Нәтижесінде биыл аудан орталығында жылыжай мен жанар-жағар май құю кешенін салу қолға алынбақ. Супермаркет, қоғамдық монша, профлист шығаратын цех, бөтелкедегі су дайындау цехы, алма бағы, ойын-сауық кешені, Алмалы, Шабдаржап, Чапаев ауылында автокемпинг, Бударинде сүт өнімін өндіретін цех салуға және тағы да басқа жобаларды жүзеге асыруға ниетті кәсіпкерлер бар. Аталған жобалар жүзеге асқан жағдайда өңірге 1 млрд. 300 млн. теңге инвестиция тартылады деп күтілуде.
Бұған қоса Чапаев ауылының жол бойындағы қызметін дамыту мақсатында Атырау-Орал тас жолы бойынан орман қорының 77 гектар жерін елді мекен жеріне аудару жұмысы жүргізілуде.
«Бастау Бизнес» жобасы аясында 213 адам оқып, 29 адам 98,2 млн. теңгеге несие рәсімдеді. «Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы» аясында 73 тұрғын 33,2 млн. теңге мемлекеттік грант алды. Ал «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 50 адам оқытылса, 25-і мемлекеттік грант иегері атанды, - деді Ақжайық ауданының әкімі Қ.Айтмұхамбетов.
Биыл еліміздің 6 өңірінде жүзеге асқан «Zhas project» жобасына ауданнан 104 әлеуметтік жоба ұсынылып, 300-ден астам үміткер құжат тапсырған. Жоба нәтижесінде 27 әлеуметтік жоба жеңімпаз атанды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 551,9 млн. теңгеге 13 жоба мақұлданған.
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер