Бұл жайлы бүгін Ақжайық ауданы әкімі Қалияр Айтмұхамбетовтың тұрғындар алдындағы есебінде айтылды. Есептік жиынға келген облыс әкімі Ғали Есқалиев аудан орталығындағы 24 пәтерлік баспана кілтінің табысталуына қатысып, ақжайықтықтардың қуаныштарына ортақтасты. Негізінен, пәтердің кілтін иеленгендер – көпбалалы, толық емес отбасылар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған жастар мен мүмкіндігі шектеулі жандар. Олардың атынан Рысқаным Есенова игі лебізін жеткізіп, ақжарма алғысын ақтарды.
Аудандық мәдени демалыс орталығының Ғали Нәжімедденұлы фойеде өткен Жастар жылында атқарылған жұмыстар және Еріктілер жылына арналған жоспармен танысса, осында ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығы аясында ауданда ұйымдастырылатын жұмыстар туралы да баяндалды. Сонымен қатар кәсіпкерлік жобалар жөнінде ақпарат берілді.
2019 жылдың қорытындылары және алда тұрған мақсаттар турасындағы өз баяндамасында аудан әкімі басты назарды ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік саласына бұрды. Өз сөзінде тұрғын үй, инфрақұрылым, білім беру, медицина, мәдени және рухани түлеу, өзге де салаларға қатысты игі жақсылықтармен бөлісті.
Жарыссөзге тайпақтық еңбек ардагері Болат Дошаев аудандағы берекелі бетбұрыстарға халық ризашылығын жеткізді. «Әрине, елдегі басқа кейбір ауданға қарағанда, мақтанатындай беталыстарымыз бар. Облыс орталығынан шалғай орналасқан Тайпақ ауылының тұрғындары, ауыл түлектері туған мекенінің гүлденуі жолында бірқатар жұмыстың басын қайырды. Ауылымыздың қақ ортасында жазғы сахна орнатылып, ауылға кіре беріс жол ауыл азаматтарының арқасында жарықтандырылды. Жерлестеріміз елге келгенде, мектептеріне бас сұқпай кетпейді. Біздің өтінішіміз – көптен жөндеу көрмеген Краснояр орта мектебінің ғимараты жаңғыртуға септессеңіз», - деді Болат Дошаев. Сонымен бірге ол Бағырлай өзені мен көлтабандарға су жіберілу мәселесін көтерді.
Облысымыздың ерекшелігі – елді мекендердің көп екендігін тілге тиек еткен облыс әкімі Ғ.Есқалиев егер Атырауда – 165, Маңғыстауда 70 елді мекен болса, өңірімізде 433 елді мекен барын айтты. Осы ауыл-мекендерде кеңес кезінде салынған ғимараттардың көбісінің бүгінде әбден тозығы жеткен. Олардың барлығын бірдей қалпына келтіруге немесе жаңасын салуға мүмкіндік жетпей де жатады. Өңір басшысы 180 бала білім алатын Краснояр орта мектебінің жөнделуін өзінің бақылауына алатынын айтты. Бағырлай өзеніне қатысты сауалға орай облыс әкімі барлық жұмыстың мемлекет тарапынан атқарылмайтынын, бизнестің мүддесін көздейтін осы істе кәсіпкерліктің де жауапкершілігін арттыру керек екенін айтты. Бұл шаруада бірлескен жұмыс қажет. Игі іске жұмылған бизнес өкілдеріне мемлекет тарапынан барлық қолдаудың көрсетілетінін облыс басшысы жеткізді.
Ардагер журналист Тілес Жазықбай Жайық өзенінің экологиялық ахуалына, суының тартылуына алаңдаушылық білдірді. Ғали Нәжімедденұлы трансшекаралық Жайық өзеніне қатысты бұл мәселенің Ресей Федерациясы Президентінің алдында бірнеше мәрте көтерілгенін айтты. Қос елдің басшылары бас қосқан алқалы жиынның хаттамасына Жайықтың арнасын қалпына келтіру мәселесі арнайы бөліммен енгізілген. Биылғы наурыз айында екі елдің өкілдерінен құрылған арнайы сарапшы топ өзен тағдырына қатысты тиісті шешім қабылдайды. Бірақ халық тарапынан үнемділік те керек. Ауыз сумен ауладағы малын суарып отырғандар бар екенін жасырын емес, - деген облыс әкімі суды үнемдеу бойынша тапсырмалар беріп, аудан әкімдерінің басым назарына алуын тапсырғанын айтты.
Жарыссөзде көпбалалы ана Қалампыр Есеналиева аудан орталығында қыс мезгілінде газдың жиі сөнетінін, ауыз судың сапасын айтып, мәселе көтерді. Өңір басшысы көгілдір отынның үздіксіз берілуін, ауыз судың сапасын жақсарту бойынша тиісті тапсырмалар берілетінін айтты. Сонымен қатар ол ауыл ішінде, жол бойында бағымсыз жүретін малға қатысты да сын айтып, малына ие болмағандарға қатысты жазаның қатаятынын да мәлімдеді.
Есепті жиынға Қарауылтөбе ауылынан келген Қуаныш Панғалиев Азнабай-Тайпақ суландыру жүйесі іске қосылса, Жайықтың сол жағалауында кенжелеп тұрған мал шаруашылығының дамитынын тілге тиек етті. «Жолдың азабын жүрген біледі» деген, ол бұқар беттегі 7 ауылдық округ тұрғындарының Индер-Барбастау қатқыл жолы жөнделсе деген тілегіне облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Медет Шқаев биыл осы жолдың Ақжайық ауылынан бастап Чапаев ауылының тұсына дейінгі бөлігіне жөндеу жұмыстары басталатынын айтты. Алдағы жылдары Индер-Барбастау жолын Индер ауылына дейін жөнделетінін де жеткізіп, көпшілікті қуантты.
Әлия Шарапиева
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер