Теректі ауданында тіркелген кәсіпкерлердің 85% белсенді жұмыс жасайды. Бұл туралы Теректі ауданының әкімі Әділ Жоламанов тұрғындар алдындағы есебінде айтты. Есептік жиынға облыс әкімі Ғали Есқалиев қатысуда.
-Өткен жылы кәсіпкерлікке қолдау көрсетіп, инвестиция тарту мақсатында Теректі ауданының инвестициялық картасын жасадық. Terekti-invest.kz порталында кез келген адам Теректі ауданындағы өндірістік және ауыл шаруашылық мақсаттағы бос жерлер туралы, жол бойындағы сервис салуға, қызмет көрсетуге, туризмді дамытуға қолайлы бос жерлер мен бос тұрған ғимараттар туралы толық ақпарат ала алады.
2019 жылдың 20 желтоқсан күні Теректі ауданына инвестиция тарту мақсатында «Terekti invest – 2019» форумын өткіздік. Дәстүрге айналған инвестфорумда ұсынылған жобалар ауданда сәтті іске асырылуда. Олардың бірін атап өтсем, «Теректі» шаруа қожалығының қоғамдық монша кешені 2019 жылдың желтоқсан айында аяқталып, іске қосылды. Қоғамдық моншадан бөлек кешенде пиццерия және бассейн қарастырылған.
Одан басқа, желтоқсан айында «Петрореф» ЖШС Магистральный ауылында мұнай өңдеу зауытын қайта жөндеуден өткізіп, толықтай іске қосты. Қазіргі таңда 90 адам жұмыс жасап жатыр.
Қыркүйекте «Қарлығаш» шаруа қожалығының Покатиловка ауылында кондитерлік ұн өнімдерін пісіретін наубайханасы ашылды.
Жаңа Өмір ауылында «Ақбазар» жеке кәсіпкерлігінің 30 адамға арналған қоғамдық монша мен шаштараз ғимаратының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жоба осы айда аяқталмақ.
Шағын және орта бизнесті дамытудың тиімді құралдарының бірі индустриялық аймақтарды құру және дамыту. Облыс әкімдігінің бастамасымен құрылатын индустриялық аймақ болып Теректі ауданы таңдалып алынды. Индустриалдық аймақтар кәсіпорындарға және мемлекетке инженерлік инфрақұрылым шығындарын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.
Ақсуат ауылдық округі Пойма станциясының 281 гектар жеріне индустриалды аймақтың құрылысы жоспарланды. Аймақ өнеркәсіптің түріне қарай 14 сектордан тұрады. Былғары аяқ киім өндірісі, машина жасау, шыны өндірісі, химия өндірісі, тігін өндірісі және тағы басқасы, - деді Теректі ауданының әкімі Ә.Жоламанов.
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер