Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының жанындағы «Дала дидары» көшпелі әдеби-сазды өнер ұжымы Сырымға келді.
Мемлекеттік сыйлықтың және тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, Қазақстанның Халық жазушысы Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығын насихаттап жүрген ұжым биылғы үшінші маусымын да сәтті бастады. Мұндағы «Дала дидары» жобасын – қадыртану қозғалысы десе де болғандай. Ұжым облыс аумағын былай қойғанда, Қазақстанның ірі қалалары мен Ресей Федерациясының көршілес облыстарында өнер көрсетіп, Қадыр жырының жаңа оқырмандарын тапты, олардың да өлеңге деген махаббатын оятты.
Айта кетелік, жобаның жетекшісі, белгілі ақын, журналист, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла бастаған Қадыр жырының бұл жолғы көші әуелі Қособа ауылына тоқтады. Ауылдағы мәдениет үйінде өткен концертті көру үшін елдің үлкен-кішісі түгел жиналды.
«Дала дидары» көшпелі әдеби-сазды өнер ұжымының концерті кешкісін Жымпиты ауылында жалғасты. Қадырдың ауылы ақынының жырын оқыған Талғат Мықи, Бекболат Қаленов, Орынбек Меңдіқұлдарға ризашылықпен қол соқса, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері, әнші Дастан Есентеміров пен опера әншісі Айбар Хайырхановтың өнерлеріне де тәнті болды.
Сондай-ақ халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Ернар Өмірәлі мен Гүлзада Ахметова, Диана Төлешова орындаған әндер де тыңдарман жүрегінен орын тепті. Күйші Берік Шаймарданов пен «Сыған серенадасын» домбырамен шырқаған Ерлан Қуанышовқа да көрермен ықыласы ерекше болды.
Кештің соңында Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев өнерпаздарға алғыс білдіріп, Қадыр шығармашылығын насихаттаудағы талпыныстарына тек табыс тіледі. Өнер ұжымы белгілі фотожурналист, ҚР Журналистер одағының мүшесі Рафхат Халеловтың «Қазақтың Қадыры!» атты көрмесін тамашалауға да уақыт тапты.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер