19.02.2020, 15:16
Оқылды: 58

Арманы асқақ ауыр атлет

Спортқа құмартқан балаға «Кім боласың?» деген сұрақ қойсаң ойланбастан футболшы, палуан не боксшы болатынын айтады. Бірақ ешқайсы ауыр атлет боламын демейді. Сондықтан болар ауыр атлетикаға тек жаны қалаған, жүрегі сүйген спортшылар келеді.

атлетика

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де жүрек қалауымен ауыр алетиканы таңдаған жан. Спорттың бұл түрімен небары бес жыл айналысып, ел чемпионатының күміс медалін еншілеген Өтепберген Әлиевтің жетістігі осы күні ел аузында.

Өңіріміздің Жаңақала ауданы Пятимар ауылында дүниеге келген Өтепберген ата-анасымен бірге 2006 жылы Орал қаласына көшіп келеді. Жастайынан спортшы болуды армандаған ол мектеп жанынан ашылған түрлі үйірмелерге барып көргенімен ешбір спорт түрін жаны қаламай қояды. Бірақ, біраз жыл грек-рим күресімен тұрақты түрде айналысады. Спорттың бұл түрінен облыстық жарыстарға қатысып, жүлде алған кездері болғанымен боз кілем де баланы бауырына баса алмайды. Бірде жаттықтырушы Дәурен Байтөриев Өтепбергенге ауыр атлетикамен айналысып көру туралы ұсыныс тастайды. Онсыз да ауыр атлеттердің өнерін теледидардан қарап қызығып жүрген ол бапкердің сөзін екі етпей жаттығу залына келеді.Алғаш жаттығудан-ақ ауыр атлетиканы ұнатқан ол содан бері жаттығуын тастамаған. Тіпті осы күні зілтемірсіз өмірін елесте алмайтынын айтады. Жас спортшының ауыр атлетикаға деген қызығушылығын ата-анасы да байқап, Өтепбергеннің нөмірі бірінші жанкүйерлеріне айналған.

-Анам ауыр атлетиканың қандай спорт екенін біледі. Шұғылдана бастаған шақта «жарақат алып қалады»,-деп қорыққанымен қолдауын аямады. Әкем де әрқашан жеңісіме қуанғанымен намысымды жанып, масаттанбауымды ескертіп отырады,- дейді Өтепберген.

Төккен тер, тынымсыз еңбек көп ұзамай нәтиже береді. Алдымен қалалық, облыстық жарыстарға шыққан жас спортшы жанкүйерлер мен бапкер сенімін ақтап, жүлде сала бастайды. Спортшының қарым-қабілетін байқаса керек, бапкерлері Өтепбергенді үлкен додаларға қосады. Көп ұзамай сенімді ақтаған зілтемірші 2018 жылы екі бірдей ірі жарыста жеңімпаз атанады. Алғашқысы Алматыда өткен Анатолий Храпатыйды еске алу турнирі болса, екіншісі Орал қаласында оздырылған жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты. Ол кезде 55 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен спортшы ел біріншілігінің алтынымен қоса серпе көтеруде 124 келілік зілтемірді еңсеріп, Қазақстан рекордын жаңартады.

Болашақта еліміздің үздік ауыр атлеттерінің бірі болсам деген мақсат қойған спортшы қазір Алматы қаласындағы республикалық спорт колледжінде білім алуда. Өзі үлгі тұтатын Илья Ильин, Алмас Өтешев, Жасұлан Қадырбаев сияқты еліміздің атын шығарып, әлем чемпионаттары мен олимпиада ойындарында өнер көрсеткісі келетінін де жасырмайды. Ол мақсатқа жетудің жалғыз жолы тәртіп пен еңбек екенін жете түсінетін оралдық оғлан жаттығу барысында тынбай еңбектенсе, спорттық режим мен тамақтануға да ерекше көңіл бөледі. Арнайы диета ұстанбаса да колориялы күш-қуатты тез қалпына келтіретін ас жейтінін айтады.

-Бапкерлеріміз біздің спортшы ғана емес, жеке тұлға ретінде де қалыптасқанымызды қалайды. Бос уақытымызда қызықты фильмдер көріп, кітап оқимыз,-дейтін жас спортшы қазір «Абай жолын» оқып жүргенін айтады. Оған дейін Абай һәкімнің қара сөздерін де оқып бітірген.

Түгелбай БИСЕН

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале