Ауыр жүк көлігі авторефрижераторынан Еуропаға заңсыз өтпекші болған 39 Қытай босқынының мәйіті табылды... Грецияның суды қорғау қызметі оңтүстік африкалық елдердің бірінен 47 босқынды паромнан түсіріп алды... Осындай жаңалықтар соңғы кездері көп кездеседі.
2017 жылдың маусымында Қостанай қаласында тұратын отбасылық жұп Нигерия азаматтарымен танысқаннан кейін заңсыз, жеңіл жолмен баю мақсатымен Нигерия, Пәкістан, Камерун, Гвинея, Уганда, Конго Демократиялық Республикасы (Заир), Гана, Сьерра-Лиона сияқты елдерден босқындарды Қазақстан арқылы Еуропаға өткізуді ұйымдастыру туралы шешімге келеді. Оны жүзеге асыру аса қиын емес еді. Дәлірек айтқанда, заңсыз көші-қон арнасының жаңа ұйымдастырушылары заңнамада көзделген шетел жұмыс күшін шақыру мақсатында жергілікті уәкілетті органдармен рұқсат ресімдеусіз, әртістер мен спортшыларды тарту мүмкіндіктерін пайдалана отырып, шетелдік азаматтарды құжаттамамен сүйемелдеуді ұйымдастыратын жалған агенттік ашады. Қостанай облысы бойынша әділет департаментінде «Қазақстан футбол клубтарының халықаралық ассоциациясы» ЖШС-н тіркеп, үлкен кәсіпкерлік құлшыныспен шетелдіктерді жалған шақыртумен қарқынды түрде ресімдеуге кіріседі. Ал елімізге заңсыз тұрақтаған шетел азаматтары ҚР-да заңсыз тұрып, жұмыс істей бастайды. Бір шетелдікті ресімдеу үшін санатына және визаның қайталануына қарай ұйымдастырушылар 500-ден 2000 АҚШ долларына дейін алып отырған. Шетелдік клиенттер аз емес еді, олардың көпшілігі Қазақстан арқылы Еуропаға, жолы болып жатса АҚШ-қа кеткісі келетін.
Мұндай алаяқтық әрекеттер төрт айға созылды. Отбасылық бизнес бұдан әрі де өрге дөңгелей беретін еді, бірақ олардың заңға қайшы әрекеті туралы ақпарат қырағы қостанайлық чекистердің назарына ілігеді. Әрбір спорттық шарасы көпшілікке мәлім, тыныш қалаға спортшылардың көптеп келуі күдік ұялатқан болатын. Спортшылар бар, жарыстар жоқ. Оның үстіне Қостанай қаласының әуежайында елімізде болу мерзімі асып кеткен шетелдік азамат ұсталып қалып, оның біздің елге келу тарихы мәлім болады.
Нигериядағы Жас футболшылар ассоциациясы менеджерлерінің бірі интернеттен жұмыс визаларын ресімдеуді ұсынған ерлі-зайыптылардың хабарландыруын көріп, телефон арқылы байланысқа шығады. Ол африкалық елдерден біздің елге келуге, кейіннен шет елдерге өтуге мүмкіндік беретін жұмыс визаларына зәру клиенттерді тауып беруге келіседі.
Жедел уәкілдердің Қостанай қаласына африкалық елдерден келгендердің бірқатарының бір тәуліктен кейін есептен шығып, Қазақстанның басқа қалаларына кеткені, ол жақта шоу-бизнес пен спортқа мүлдем қатысы жоқ құрылыс, телекоммуникациялық және басқа компанияларға жалдамалы жұмысшы болып орналасқаны назарын аударады. Бұл кезде елімізде Нигерияның, Пәкістан мен басқа да оңтүстік елдердің 250-ден астам азаматы жүрген болатын.
Ал отбасылық жұп заңсыз бизнестен түскен пайданың дәмін тата бастайды, төрт айдың ішінде олар шамамен 80 миллион теңге алады. Бұрын алаяқтықпен сотталған екеу үшін бұл аз ақша емес еді.
ҚР ҰҚК Қостанай облысы бойынша департаментінің тергеу басқармасы 2017 жылдан бастап шетелдік азаматтардың белгілі бір санаты үшін ҚР-ға 260-тан астам шақыру қылмыстық жолмен ресімделгенін, олардың спортшы, ойын-сауық индустриясы өкілі мен жеке кәсіпкер ретінде виза алғанын, алайда шын мәнінде олай болмай шыққанын анықтайды. Осындай жолмен 87 шетелдік Қазақстанның әртүрлі қалаларына келіп, ресми тіркелмей жұмыс істеген. Кейіннен шетелдіктерді құжаттандыру мақсатында ұйымдастырушылар өздерінің «Алкау-7», «Жаңа талап – 2005» ЖШС-ларын пайдаланады. Сондай-ақ көмекшілері арқылы Астана, Алматы, Шымкент, Орал, Көкшетау, Талдықорған, Қарағанды, Петропавл және Қапшағай қалаларында филиалдарын ашады. Ұйымдастырушылардың тұрғылықты жерлері мен олар тіркеген ЖШС-ларда сот санкциясымен тінту іс-шаралары жүргізіліп, олардың заңға қайшы әрекеттерін көрсететін қосымша дәлелдер базасы құрылды.
Ұсталған ерлі-зайыптылар заңсыз әрекеттерін мойындап, қылмыстық жауаптылыққа тартылды. Олар ресімдеген шетелдіктер ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, Қазақстан шегінен тыс шығарылды.
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер