4.03.2020, 14:30
Оқылды: 326

Шетелдіктерді Қазақстанға заңсыз кіргізгендер жазаланды

  3726 іскерлік және 274 жұмыс визасы, 26 фигурант, Қазақстанда, Қырғызстанда және Қытайда 48 жалған кәсіпорын... Ал қылмыстық әрекеттен түскен табыс 1 300 000 АҚШ долларынан артық соманы құрады.

     Кейбір адамдар өмір бойы жеңіл ақша табу жолында жүрсе, біреулер оған уақыт өте келіп жатады. Заң мен моральдық нормалардан аттай отырып, әртүрлі тәсілдермен баюға болады. Солардың бірін
О. Бахриденова да пайдаланбақшы болған еді. Бірде оған Қазақстан аумағына шетелдіктерді заңсыз кіргізумен айналысу туралы ой келеді. Осы бағытта белсенді түрде жұмыс істеп, біраз іздестіргеннен кейін ақпараттық технология мен электрондық-цифрлық қолтаңба бағытында білімі бар В.Жанғазинмен танысады. Одан әрі «Электрондық үкімет» порталы арқылы іске қатысы жоқ адамдарға жалған фирмалар тіркеліп отырады.

migrasia 5

Ақшаға деген құмарлық, өз-өзіне деген сенімділік О. Бахриденоваға ақ-қараны айыруға мұрша бермейді. Алайда заңсыз көші-қон арнасы ҰҚК жедел уәкілдерінің қашан да назарында болатын. Кезекті тексерулер барысында ҰҚК Атырау облысы бойынша департаментінің қызметкері осы саламен айналысатын басқа компаниялармен салыстырғанда мақұлданған визаларының санында айырмашылық басым ұйымға көңіл аударады. Фирманы тексеру туралы шешім қабылданады. Алайда жедел уәкіл тексеріс барысында кеңсеге емес, жеке үйге тап болады.

Үй қожайынынан сұрау алу да шетелдіктерді Қазақстанға заңсыз кіргізу бойынша ықтимал алаяқтық жолын көрсетті. Осы фактілер жедел зерттеу жүргізу үшін негіз болды. Атырау тұрғыны О.Бахриденова, тергеу көрсеткендей, 6 жалған компанияның мүдделерін білдіре отырып, Атырау облысы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасындағы өзінің қылмыстық байланыстары арқылы 429 шетелдікке іскерлік арнасы бойынша қолдаухатты заңсыз келіскен.

О.Бахриденованы зерттеу барысында ҰҚК Атырау департаментінің қызметкерлері астанада орналасқан тағы бір қылмыстық топты анықтайды. Алаяқтар компанияларды тіркеу үшін О. Бахриденова сияқты заңсыз жолмен алынған электрондық-цифрлық қолтаңбаларды пайдаланған. Одан әрі жалған кәсіпорындардың әрекетін заңды етіп көрсету үшін жалған сенімхаттар дайындалып, олар бұрынғы нотариуспен қалпына келтірілген, кейіннен Нұр-Сұлтан нотариустарының мөрлерімен расталған. Мөрлерді жалған сенімхаттардың көмегімен полиграфиялық компанияларда жасаған. Жалған ұйымдар атынан Қытайда және Қырғызстанда тіркелген фирмалармен қызмет көрсетуге жалған шарттар жасалып, олар да нотариустарда түпнұсқаларды көрсетпестен расталған. Жалған шарттар негізінде шетелдік азаматтарға шақыру хаттар ресімделіп отырған.

Қылмыстық топты ҚХР азаматы Чиу Тонгкун мен Нұр-Сұлтан тұрғыны Э. Нұрқанова басқарған. Екі пысық азаматтың одағы 2014-2016 жылдар кезеңінде шетелдегі консулдық қызметтердегі сыбайластары арқылы шетелдіктерге 2000-нан аса шақыру рәсімдеуге мүмкіндік берген. 2017 жылғы қаңтарда виза берудің жаңа қағидаларының енуіне қарамастан, араны ашылғандар тоқтай алмады. Визалық қолдауды кедергісіз келісу туралы алдын ала уағдаластық бар көші-қон қызметінің басқармасында өңірлерде жалған кәсіпорындарды тіркеудің жаңа тәсілдері пайда болды.

Теріс пиғылдылардың заңсыз әрекетінің ауқымы, жүйелілігі, қылмыстық байланыстары ҰҚК жедел уәкілдерін таң қалдырды, олар Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтобе, Көкшетау және Қызылорда қалаларында, сондай-ақ Қырғызстан мен Қытайда тіркелген 48 жалған кәсіпорынды анықтады. Бұдан басқа, қылмыстық топқа Қазақстанның мемлекеттік органдарының өкілдері жәрдем берген.

ҰҚК Атырау облысы бойынша қызметкерлері жеткілікті дәлелдер жинап, күдіктілерді ұстау туралы шешім қабылдап, оны бір мезгілде еліміздің бірнеше өңірінде жүргізеді. Операция алаяқтар мен қолы таза емес мемлекеттік қызметшілердің жұмыс орындары мен тұрғылықты жерлерінде жүргізілді. Нәтижесінде 20 адам ұсталып, оларды 2019 жылғы ақпан мен қазанда сот кінәлі деп танып, әртүрлі мерзімдерге бостандықтарынан айыру мен шектеуге, сондай-ақ ақшалай айыппұлдарға үкім шығарды. Осы қылмысқа қатысқан ҚХР-дың екі азаматы және ҚР-дың бір азаматы халықаралық іздестіруде, тағы үш адамға қатысты тергеу іс-қимылдары жалғасуда.

ҰҚК-нің осы операциясы қызмет бабымен көші-қон мәселесімен байланысты мемлекеттік органдардың өкілдеріне оң ықпал еткен сияқты. Дегенмен заңды тұлғаларды тіркеуді және көші-қон қызметінің жұмысын регламенттейтін заң актілерін қайта қарау керек. «Электрондық үкімет» порталында заңды тұлғаларды қағаз жүзінде тіркеу, нотариустардың өз уәкілеттіліктерін теріс пайдалану мәселелері ашық түрде қалып отыр. Ұлттық қауіпсіздік комитеті іске асырған операциялар бұдан да көп сұрақ туындатты, бірақ ол басқа мемлекеттік органдарға қойылмақ.

zhaikpress.kz

 Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале