5.03.2020, 16:36
Оқылды: 40

«Дені сау адамға медициналық бетперденің қажеті жоқ»

  Облысымызға шетелден келген 138 азамат коронавирустық инфекцияға  байланысты мониторингтік бақылауға алынған. Оның 70-і ҚХР-дың Гонконгпен Макао провинцияларынан, сондай-ақ Жапония мен Италиядан келсе, 14-і Франция, Германия, Тайланд, Әзірбайжаннан, 54-і Сингапур, АҚШ, Біріккен араб әмірліктері мен Ұлыбритания, Испания, Швейцариядан келгендер. Олардың барлығы дерлік өңіріміздегі мұнай компанияларында келісімшартпен еңбек етіп жүргендер. Бұл туралы облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің  басшысы Мұхамғали Арыспаев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Arispaev 2

Облысымызда коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты, аурушаңдық жағдайлары тіркелген жоқ. Мониторингтік бақылауға алынған тұрғындардың арасында да коронавирус жұқтырғандар жоқ. Десе де, әлемдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, инфекцияның келуі мен таралуының алдын алу, сондай-ақ облыс аумағында халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету мақсатында осындай шараларды қолға алудамыз. Облысқа коронавирустық инфекция бойынша қолайсыз елдерден келген барлық адам үш санатқа бөлініп, соған сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілуде. Алғашқы санаттың  өзі  екіге  жіктеледі. Яғни бірінші «А» санатына – ҚХР, Иран, Оңтүстік Кореядан, бірінші «Б» санатына – Гонконг, Макао, Тайвань, Жапония, Италиядан келгендер жатқызылады. Екінші санатқа – Франция, Германия, Тайланд, Әзірбайжаннан, үшінші санатқа – Сингапур, АҚШ, Ұлыбритания, Бахрейн, Кувейт, Испания, Ирак, Швейцария, Малайзиядан келгендер кіреді. 1 наурыздан бастап бірінші «А» санатындағы елдерден келгендер 14 күндік карантинге орналастырылуда. Карантиннен кейін тұрғылықты жері бойынша емханада қосымша 10 күн медициналық бақылауда болады. Күні бүгінге дейін ауру ошағы болып табылатын ҚХР-дың провинциялары мен Ираннан азаматтар келген жоқ.  «Орал» әуежайына халықаралық әуе рейстерімен келген, көлікпен шекарадан өткен азаматтарға күшейтілген санитарлық-карантиндік бақылау жүргізілуде, – деді Мұхамғали Қайыржанұлы.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Гүлнар Абдрахманованың айтуынша, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде коронавирус мәселелері бойынша 1406 Call-орталығы құрылған. Қоңырауларды өңдеу орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Мамандар әлемдегі коронавирус аурушаңдығы туралы барлық ақпаратты баяндайды. COVID-19 дертінің алдын алу үшін әр адам жеке бас гигиенасын сақтап, дене температурасын күніне кемі екі мәрте өлшеп, қолды сабынмен жиі жуу қажет. Ауру симптомдары пайда болған кезде (дене қызуының жоғарылауы, мұрын, жөтел және т.б.) «Жедел жәрдемді» шұғыл шақырған жөн. Сондай-ақ мамандар медициналық бетпердені науқас жандардың киетінін ғана ескертіп, үрейге бола дәріханалардан оңды-солды сатып алмау қажеттігін түсіндірді.

Гүлсезім Бияшева

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале