Наурыздың 10-ы күнгі жағдай бойынша Батыс Қазақстан облысында 181 азамат коронавирусқа қарсы мониторингтік бақылауға алынған. Коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты, науқастанғандар тіркелмеген. Өңірге ҚХР және Иран елдерінен азаматтар келмеген.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялық қызмет алаңында өткен брифингте БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев мәлім етті. Бұған дейін хабарлағандай, облысқа коронавирустық инфекция бойынша қолайсыз елдерден келген барлық адамдар 3 санатқа бөлінеді. 1-«А» санатына – ҚХР, Иран, Оңтүстік Корея, 1-«Б» санатына – Италия, 2-санатына - Германия, Испания, 3-санатына - Сингапур, АҚШ, БАӘ, Ұлыбритания, Бахрейн, Кувейт, Ирак, Швейцария, Гонконг ҚХР, Тайланд, Жапония, Швеция, Франция, Малайзия елдерінен келгендер жатады.
Облыстағы мониторингтік бақылауда тұрған 181 азаматтың 43-і 1-санатқа (1 «А» - 6, 1 «Б»- 37), 2-санатқа – 12, ал 3-санатқа 126 адам жатқызылған. Қазір Орал көліктегі тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау бөлімшелік басқармасының мамандары «Орал» әуежайына халықаралық әуе рейстерімен келген азаматтарға күшейтілген санитарлық-карантиндік бақылау жүргізуде. Олар термометриямен тексеріп, сауалнама жүргізіп, алдын алу шараларын сақтау туралы хабарламалар беруде. Сондай-ақ шекара қызметі Ресей Федерациясымен шекарадағы аутоөтпелерде барлық азаматқа, соның ішінде шетелден келетін және коронавирус бойынша қолайсыз елдерден келетін азаматтарды бақылауда. Кейін олар берген мәліметтер медициналық бақылау жүргізу үшін департаментке жіберіледі.
Департамент басшысы жаңа коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатындағы алдын алу шараларын да атап өтті. Ең алдымен, қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу қажет. Спирттік антисептиктерді қолданған жөн. Адамдар көп жиналатын жерден аулақ болып, сырқат адамдармен байланыс жасамау керек. Ал суық тию белгілері пайда болған жағдайда (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) тұрғылықты жері бойынша дәрігерге бару қажет.
– Әлемді алаңдатқан жағдайға байланысты облыстағы медициналық ұйымдар дайын тұр. Сонымен қатар шетелден келетін сау азаматтарды оқшаулауға арналған провизорлық госпитальдар дайындалуда. Соңғы кездері бұл жөнінде халық арасында «елді мекендерге сырттан келген науқастарды әкеледі» деген ақпарат тарауда. Алайда бұл қауесет дұрыс емес. Егер де короновируспен ауырған жағдайда адамдар тек 180 керуеттік облыстық жұқпалы ауруханаға жатқызылады. Ал провизорлық госпитальдарға шетелден келген қазақстандық азаматтар жатуы мүмкін. Әзірше Бәйтерек ауданындағы Переметный ауылындағы осындай орталықта Оңтүстік Кореядан келген қазақстандық алты азамат бақылауға алынды. Провизорлық госпитальді Теректі ауданының Еңбек ауылында ашу жоспарланған, – дейді Мұхамғали Қайыржанұлы. Департамент басшысы айтып өткендей, облыстағы дәріханаларға 50 мың бетперде үлестіріп берілген. Олардың бағасы реттелмей отырғандықтан, данасы 50-70 теңге аралығында сатылуда. Алайда аталмыш мекеме басшысы дені сау адамдарға бетперде тағудың қажеті жоқ екенін қадап айтты.
Мамандар үй карантиніндегі адамға арналған нұсқаулықтарды да алға тартып отыр. Ең алдымен, бақылаудағы адамдар үйден шықпау керек. Есігі жабық, жеке, жақсы желдетілетін бөлмеде орналасқаны жөн. Аз ғана уақытқа бөлмеден шыққанда ауыз бен мұрын маскамен жабылуы тиіс. Вирустың таралуын болдырмау үшін түшкіргенде немесе жөтелгенде ауыз бен мұрынды бір рет қолданылатын қол орамалымен жабу керек. Қолды сумен, сабынмен жуу немесе спирт негізіндегі антисептикалық затпен дезинфекциялау қажет. Температура немесе респираторлық симптомдар пайда болған кезде короновирус бойынша жұмыс істейтін Call-орталыққа немесе «жедел жәрдемге» қоңырау шалу керек. Бұл үйдегі өзге адамдарға да тазалық шараларына мұқият қарауды қажет етеді.
Айта кету керек, денсаулық сақтау министрлігінде коронавирус мәселелері бойынша 1406 Call-орталығы бар. Қоңырауларды өңдеу орталығы тәулік бойы жұмыс істеп, мамандар әлемдегі коронавирус ауруы туралы барлық ақпаратты түсіндіреді.
Ясипа Рабаева
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер