Екі қазақстандықтан коронавирус анықталды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Елжан Біртанов мәлімдеді.
Оның сөзінше, екеуі де Қазақстан азаматы. Ұшақпен келген адамдардың барлығы анықталып, карантинге жатқызылатын болады. Сырқаттар қазір Алматыда.
– Құрметті қазақстандықтар, өздеріңізге мәлім 3 айдан бері Денсаулық сақтау министрлігі инфекцияның елімізге тарамауы үшін көп жұмыстар жасады. Өкінішке орай, Германиядан келген қазақстандық 2 азаматтан коронавирус инфекциясы табылды. Бас санитарлық дәрігер қаулысымен бұл пациенттер карантиндік стационарға жатқызылды. Бекітілген алгоритм бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазіргі кезде пациенттердің жағдайы жақсы. Жалпы эпидемиологияға қарсы қажетті шаралар енгізілуде – изоляция, карантин, ем процедуралары. Елімізде төсек орындар дайын, медициналық жабдықтар, дәрі-дәрмек резервтері бар және протокол бойынша медқызметкерлер дайындықтан өткен. Барлық ақпаратты ДСМ-ден не арнайы Call-центрден 1406 нөмірі арқылы алуға болады, – деді Біртанов. Сондай-ақ министр ұшақпен бірге келгендердің тізімі министрлікте бар екенін айтты. Барлығы карантинге жатқызылады.
Қазір 9 наурыз күні келген рейстің адамдары анықталуда, ол жолаушыдар да карантинге алынады, ұшақта 73 адам болған. Адамдар көп жиналатын жерлерді жабуды да жоққа шығармаймыз. Өйткені басты қауіп адам көп шоғырланған жерде болады. Екінші борт толығымен карантинде, тағы да айтам, бірінші борт медициналық бақылауда. Біздің қазіргі мақсатымыз тоғызы күнгі бортпен келген барлық азаматтарды тауып, карантинге жатқызу болып отыр, – деді Елжан Біртанов.
Министр көп халық жиналатын жерлерге, той-томалаққа баруды шектеуге кеңес берді.
Ержан Жаубай
BAQ.KZ тілшісі
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер