18.03.2020, 22:12
Оқылды: 51

Оралдағы кәсіпорындар маска тігуді қолға алды

Орал қаласындағы «Адванс-Маркет» және «КазМедКом» ЖШС-лары мен Қазақ саңыраулар қоғамының Орал оқу-өндірістік кәсіпорны жеке қорғану құралын (маска) тігуді бастады. Жалпы бұл игі істі өңірдегі жеті ірі-жеңіл өндіріс кәсіпорындары қолға алуды жоспарлап отыр.

Borli 2

Соңғы күндері тұрғындар қаладағы дәріханаларды аралап, бетперде таба алмай әуре-сарсаңға түскені мәлім. Бұндай дүрбелең тек біздің өңірде емес, еліміздің әр түкпірінде көрініс табуда. Аталмыш серіктестіктің  директоры Берік Әбілқосов сын сағатта тапшылық көрген тұрғындардың сұранысына орай игі істі қолға алды. Фабрикадағы 12 тігінші күніне 1700 дана бетперде тігуде.  

IMG-20200318-WA0085

- Біздің фабрикада соңғы төрт күннен бері 6 мыңнан астам бетперде тігілді. Бетперде жүз пайыз мақтадан жасалған бөз матадан, қос қабатталып тігілуде. Қажетті материалды Ресейден әкелудеміз. Тауардың өз құны 140 теңге болса, мекемелерге 180 теңгеден сатудамыз. Бүгінде фабрикаға «Оралтехсервис», «Орал таза сервис», «Жайықжылуқуат» ЖШС-лары мен облыстық полиция департаменті 1000 данадан және «Батыс су арнасы» ЖШС-і 2000 дана маскаға тапсырыс берді. Егер жергілікті әкімшілік тарапынан жеке қорғану құралдарын дәріханаларға немесе сауда орындары арқылы саудаға шығаруға қолдау көрсетілсе, біз бұл жұмыстармен мақсатты түрде айналысуға дайынбыз. Алайда өнімді жеке тұрғындарға саттыққа шығару жағын әлі қарастырған жоқпыз, - дейді кәсіпорын директоры.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Жанна Бекқалиеваның сөзінше, өңірдегі жеңіл өндіріс кәсіпорындарының аптасына 100 мыңнан астам бетперде тігуге мүмкіндігі бар. Ал дайын өнімдер дәріхана желілеріне таратылатын болады. Жеке қорғану құралдары арнайы бекітілген стандарт бойынша ауа өткізетін матадан тігілуі тиіс. Кәсіпорындар осы талаптарды басшылыққа алуда. Бұл бетперделер мәрлі және матадан тігіледі.

- Бүгінде лицензиясы бар «КазМедКом» ЖШС-ы сертификаттарын рәсімдеуде. Енді олар медициналық бетперде шығаратын болады. Әзірше бұл өнімдердің бағасы қандай болатыны нақтыланған жоқ. Өйткені қажетті матералдың құрамы, тігу ерекшелігі бағаланады. Яғни өндірушінің шығыны есептеледі. Алайда бағасы негізсіз көтерілмейді. Апта сайын 100 мың дана тігілетін болса, маска тапшылығы да болмайды, - деді Жанна Палатовна. Оның сөзінше, кәсіпорындар тіккен қорғану құралдарын облыс орталығындағы Н.Назарбаев даңғылында орналасқан №1 дәріханадан алуға болады.

Ясипа Рабаева

 zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан жәнеTelegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале