Әлемді дүрліктірген пандемия дертінің таралуына байланысты халық арасында түрлі алып-қашпа әңгімелер таралып, дүкен сөрелерінде азық-түлік дүрбелеңі белең алуда. Осы мәселеге орай Казталов ауданы орталығындағы азық-түлік дүкендерінің иелерімен арнайы сұқбаттастық.
Гүлнар Тайгаренова, "Перекресток", "Ақкүн" дүкендерінің иесі, Қайрат Әубекеров, "Жұлдыз" дүкенінің иесі: - "Мой город" порталында еш негізсіз "На отсутсвие муки и сахара пожаловались жители района ЗКО" атты мақала жарияланыпты. Дүкенде халыққа қажетті 19 азық-түлік өнімінің бәрі бар. Ал астық мәселесіне келетін болсақ, доллар бағамының өсуіне байланысты баға да күрт өзгеруде. Өзгерген күнде де бұрынғы бағасына сатып алынатын жерден 10 пайыз ғана қосылады деп күтілуде. Сонымен қатар қант, картоп, макарон өнімдеріне сатып алынған жердегі бағаға тек 20-30 теңге көлемінде ғана қосылады деп болжап отырмыз. Бағаның өсуі біз алатын жердегі көтерме бағаның өсуіне де байланысты болып отыр, - дейді кәсіпкерлер.
Бұл ретте аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Сергей Тоқпанов былай дейді:
- 15 наурыз күні 18.00 мен 22.00 уақыт аралығында азық-түлік бағасының құнын тексеру мақсатында әріптестеріммен бірге азық-түлік дүкендерін аралап, рейд жүргіздік. Бұл күні халыққа қажетті 19 азық-түлік өнімінің барлығы да тұрақты бағамен сатылған. Және де халық күндегідей қажетті өнімдерді тұтынған. Ал 16-17 наурыз күндері азық-түлік бағасына мониторинг жүргізілді. Кейбір дүкендерде жоғары сұрыпты ұнды халық көп тұтынуына орай таусылып отыр. Енді сақтандыру қорынан картоп, макарон өнімдері, шағу май, тауық еті, бірінші сұрыпты ұн жеткізіледі деп күтілуде. Бұндай шаралар әлі де жалғасын табатын болады, - деді.
- Үкіметтің қаулысына сәйкес коронавирустың алдын алу мақсатында елімізде төтенше жағдай жарияланды. Осы төтенше жағдай кезінде жергілікті атқарушы билікпен азық-түлік өнімдерінің бағасын реттеуге байланысты мониторингтік топ құрылды. Мониторинг жұмысына үнемі бақылау жүргізіліп отырады. Арнайы құрылған топ азық-түлік өнімдері бағасының ретсіз өсуіне жол бермей, тиісті шаралар қолданады. Аудан дүкендерінде халыққа қажетті азық-түліктердің барлығы да қамтылған. Соның ішінде қант, макарон өнімдері, шағу май, тұз, жеміс-жидектер, жұмыртқа және т.б. 2-5 келілік астық барлық дүкендерде бар. Ал 25-50 келілік астық соңғы 2 күнде халықтың тұтынуына байланысты таусылып отыр. Аудан халқын астықпен қамтамасыз ету үшін астықтың арнайы қоры жеткізіліп, азық-түлік бағасы тұрақтылығын жоймайды. Дейтұрғанмен, кәсіпкерлер тарапынан дүкен сөрелеріндегі азық-түлік бағасы ретсіз өсіп жатса, Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес тиісті шаралар қолданылады, - деп аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова тұрғындарды сабырлылық танытуға шақырды.
Әсем Болат
Казталов ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер