23.03.2020, 19:26
Оқылды: 36

22 наурызда – 22 шақырым!

Сырым ауданында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай кеше "Syrym Runners" командасының ерікті жүгірушілері “22 наурызға – 22 шақырым" марафонын жүгіріп өтті. 

3E5DD278-2A21-4C90-9E97-6E899C28E579

Жымпиты ауылындағы ескі көпірден далалық жолмен Бұланға дейін барып, кері жүгірген 30-дан астам желаяқ мәреге екі сағатта келді. Марафоншылардың ең жасы Әсем Шукатованың жасы 25-те болса, ең үлкені Жұмағұл Молдабеков 55-те. Желаяқтар күн сайын  жаттығуда екі рет – таңертең және кеште 6-12 шақырым жүгіріп отырады.

1D4C0F88-0C4D-4553-9E4B-81C8C4FC6F70

"Syrym Runners" командасы былтыр 4-5 адамнан  құрылған болатын. Ұйымдастырып, бастама көтерген – Руслан Чукуров пен Жасқанат Еслямғалиев. Отыз бес адамнан тұратын команданың  құрамында алты мемлекеттік қызметші, сегіз спортшы, төрт педагог, он жеті басқа саланың қызметкерлері бар. Оның ішінде толық марафон 42, 2 км қашықтыққа жүгірген  Руслан Чукуров, Жасқанат Еслямғалиев бар. Ерболат Исанов  жаттығу барысында  36-37 шақырым жүгіреді екен. Ал, командаға жаңадан қосылған Руслан Есқалиев 75 шақырымды бағындырған.

70DA9136-9C85-4726-B947-C7FF5C120917

Бүгінде команданың жұмыстарын ұйымдастыру тізгіні Нұргүл Жоламановада. Күнделікті жүгіру графигі мен маршрутын белгілеп, Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасын жүргізіп отырады.

"Syrym Runners" осыған дейін де бірнеше марафонды жүгіріп өтті. "Жымпиты-Сарой" марафоны 20 шақырым, "Жымпиты-Саралжын-Жымпиты" 22 шақырым, "8 наурызға– 8 шақырым" эстафеталарын ұйымдастырды. Ендігі мақсат – Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған эстафета.

"Syrym Runners"-тың ұйымдастырушысы Нұргүл Жоламанованың айтуынша, команданың алға қойған  мақсаттары бар. "Жүгіру денсаулыққа өте пайдалы. Өкпең, тыныс жолдарың тазарады. Көңіл-күйді көтеріп, артық салмақтан арылтып, ұйқысыздықпен күресуге көмектеседі.  Адамға күш беріп, рухтандырады. Шыдамдылықты, өзіңді жеңе білуді үйренесің. Жылдың төрт мезгілінде де жүгіруді тоқтатқан емеспіз. Мақсатымызға жету үшін қарға да, жаңбырға да, желге де, балшыққа да төтеп бердік. Жүгірудің пайдалы екенін көріп-білгендер қатарымызға қосыла бастады. Тобымыздың құрамы күннен-күнге көбейіп келеді. Бірдей форма тіктіріп, логотип пен туымызды жасатып, ауданда үлкен марафон өткізгіміз келеді. Жаттықтырушысы бар клубымызды ашсақ дейміз. Балаларды да жүгіруге тартуды көздейміз. Сөйтіп, аудандағы бұқаралық спорттың ауқымын кеңейтуді қалаймыз", - дейді Нұргүл ханым.

Иә, ауданда бұқаралық спортты дамытуға ешкімнің нұсқауынсыз өздері үлесін тигізіп, қатарын толықтырып, алған бетінен таймай келетін "Syrym Runners" командасына қолдау, демеу қажет.  Команда клубқа айналып, желаяқтарымыздың арман-мақсаты орындалар күн тезірек туғай.

Шынар Молданиязова

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале