Сырым аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Усағалиев, статисі Расул Вахитов пен БҚО кәсіпкерлер палатасының Сырым ауданындағы филиалының кеңесші-менеджері Асхат Бисенғалиев аудан орталығындағы сауда орындары саналатын дүкендерді аралап, азық-түліктің бағасын негізсіз өсірмеу мақсатында түсінік жұмыстарын жүргізді.
Халықты ауқатпен қамтитын жеті сауда орындары қатарында А.Ихсанованың "Азық-түлік", Г.Тажаяқованың "Альбина", Н.Үдреевтің "Қалқаман", Т.Мурадимованың "Асар", Қ.Жаужиевтің "Өркен" дүкендері, М. Сапаровтың "Эверест" супермаркеті бар.
Бұл дүкен иелеріне әлеуметтік маңызы бар 39 түрлі тағамның бағасын шектен тыс өсірмеу жайында баса айтылды. Сонымен қатар азық-түліктің қанша артық қорының бар екендігі анықталды. Облыстық арнайы қордан бөлінетін ұн, шемекі май, секер, картоп, тауық еті секілді тағамдарды төмен бағамен алып, халыққа тиімді бағамен ұсыну туралы түсіндірілді. Сауда орындарындағы сатушылардың коронавирусқа қарсы шараларды қолға алып, бетперде, қолғап киіп, антисептиктарды пайдалану қажеттігі жөнінде айтылды.
Одан кейін сала басшылары аудандық полиция бөлімімен бірігіп, сауда орындарының жұмыс регламентіне рейд жүргізді. "ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы" Кодекстің 476-шы "Төтенше жағдай режимін бұзу" бабының 6-тармағына сай жауапқа тартылатыны туралы түсіндірілді. Төтенше жағдайға орай дүкендер белгіленген уақытқа дейін ғана жұмыс жасауда.
Шынар Молданиязова
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер