29.03.2020, 20:24
Оқылды: 98

Шағын және орта бизнес өкілдеріне әлеуметтік қолдау көрсетілуде

Елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты шағын және орта бизнес өкілдеріне әлеуметтік қолдау көрсету басталды.

F4AEA934-A0BA-4647-9AE0-DCC170938600

Енді төтенше жағдай кезінде  жалақысы сақталмайтын демалысқа шығып, табысын жоғалтқан шағын және орта бизнес өкілдерінің мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төлемдер алуға мүмкіндігі бар.

6C990DFB-1896-4348-84B0-16396B179273

Онлайн-брифинг барысында бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Самат Хангереев мәлім етті. Қызметкерлері әлеуметтік төлем алуы үшін өтінішті шағын және орта бизнес нысанының иесі, яғни жұмыс беруші жазуы қажет.

Аталған төлемді алу үшін қызметкерлерге төтенше жағдай енгізілгенге дейін соңғы 12 айда МӘСҚ-қа кем дегенде 3 ай бойы жарна аударылған болуы шарт. Бір қызметкерге еңбек демалысы кезінде айына төленетін әлеуметтік төлем  ең төменгі жалақы мөлшері – 42 500теңге. Бірақ бұл қаражат тек елдегі төтенше жағдай режімі аяқталғанша ғана беріледі. Сонымен бірге әлеуметтік төлем жалақысыз демалысқа шыққан күннен бастап есептеледі. Аталмыш төлемді алу үшін азаматтар «Электрондық үкімет» веб-порталындағы «Электрондық өтініш» сервисі арқылы жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті құзырлы мекемелерге өтініш қалдыруы қажет.  

Әлеуметтік аударымдар төлеуші, яғни кәсіп иесі өтінішіне төтенше жағдай режімінде қызметінің шектелуіне байланысты кірісінен айырылу фактісін растайтын құжаттар мен қызметкерлерінің тізімін, оларға жалақысы сақталмайтын демалыс беру туралы бұйрықтың үзіндісін қоса береді. Электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қояды. Қазір жергілікті атқарушы құрылымдарда әкім орынбасарлары төрағалық ететін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық және қалалық штабтар құрылуда. Олар әлеуметтік төлемдерді төлеу бойынша қорытынды шығарады.

– Жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтардың да 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлемдер алуға мүмкіндігі бар. Төлем көлемі жұмыссыздың  міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты есептеледі. Бұл қаражат МӘСҚ есебінен жоғалған кірістің 40%-ы мөлшерінде беріледі. Олар жұмысынан айрылуына байланысты әлеуметтік жәрдемақы тағайындау жөніндегі өтініштерін халықты жұмыспен қамту орталығына жазады, – деді Самат Нағымұлы.

Брифинг барысында  сөз алған «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ БҚО бойынша филиалының директоры Вячеслав Кожевников те әлеуметтік сақтандыру шараларына тоқталды. Оның сөзінше, жеке кәсіпкер әлеуметтік төлемді өзіне рәсімдейтін болса, өзінің жеке кәсіпкерлігін тоқтата тұруы қажет. Әлеуметтік төлем жеке кәсіптің тоқтаған күнінен бастап төтенше жағдай аяқталғанша төленеді.

Облыстағы халық жиі шоғырланатын жердің бірі халыққа қызмет көрсету орталықтары екені белгілі. «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ БҚО филиалы директорының орынбасары Асқар Қожымов елдегі жағдайға байланысты ХҚКО-лардың жұмысына тоқталды. Ол сөзінде қауіпті кеселдің алдын алу үшін тұрғындарға барынша «Электрондық үкімет» веб-порталдың қызметін пайдалану қажеттігін айтты.

60E9776A-11DD-4BA8-97DE-81F23C58B148

«Батысқазақстандықтар 55-45-00, 55-45-01, 55-45-02, 55-45-03, 55-45-04, 55-45-05, 55-45-08, 50-40-77, 50-08-85  және 50-37-70 телефондары арқылы орталық мамандарынан жан-жақты  кеңес ала алады. Тұрғындар базалық  зейнетақы алу және зейнетақы тағайындау жөнінде өтініш беру үшін ХҚКО-на келетіні белгілі. Ал бұл төлемдер заң бойынша өтініш түскен күннен бастап төленеді. Біз ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне осы талапты елдегі төтенше жағдай режімі аяқталғанша тоқтата тұру жөнінде ұсыныс жолдадық. Яғни зейнетақыны азаматтардың туған күнінен бастап төлеуді ұсындық. Ұсыныс қабылданса, тиімді болар еді. Өйткені бұл қазіргі жағдайда тұрғындардың ХҚКО-ларға көп жиналуының алдын алар еді», – деді Асқар Қожымов.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале